Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қаңтар оқиғасы: президент Ресей әскерін шақыру қаншалықты дұрыс шешім болғанын айтты

Опубликовано:

ҰҚШҰ
ҰҚШҰ әскері. Көрнекі сурет: odkb-csto.org

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне көлемді сұхбат берді. Онда ол Қаңтар оқиғасы кезінде Ресей әскерін шақыру қаншалықты дұрыс шешім болғаны туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Аймақтарда жаппай тәртіпсіздік белең алып, жергілікті билік дәрменсіздік танытқанда, Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік", - деді Тоқаев.

Сол кезде, оның сөзінше, осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақ­стан төрағалық етеді.

"Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқа­рып, қасіретті күндерде елді жайла­ған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше-мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды.

ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкес­тікке қарсы операцияларға қатыс­қан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ. Армения жасағы "Ақсай" нан зауытын және "Алматы су" мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродром­ды, Тәжік­стан мен Қыр­ғыз Респуб­лика­сының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті", - деп түсіндірді президент.

Оның айтуынша, осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болған. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмыл­дыруға мүмкіндік туды, дейді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2053631-qantar-oqigasy-prezident-resei-askerin-saqyru-qansalyqty-durys-sesim-bolganyn-aitty/

pixel