Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев лаңкестік болған Иран президентіне көңіл айтты

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ибрахим Раиси. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисиге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның Керман қаласында болған лаңкестік әрекет салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Ибрахим Раисиге көңіл айтты.

"Керман қаласында болған лаңкестік әрекет салдарынан жүздеген адамның қаза тапқаны және жарақат алғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алдым. Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтардың және жеке өз атымнан Сізге, жақындарынан айырылған азаматтарға, сондай-ақ бүкіл Иран халқына көңіл айтамын", – деп жазылған жеделхатта.

Мемлекет басшысы бақилық болғандардың жандары жәннатта болуына, ал зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына аман-есен оралуына тілектестік білдірді.

Ирандағы лаңкестік

Айта кетейік, 2024 жылғы 3 қаңтарда Иранның Керман қаласында генерал Қасым Сүлейманиді еске алуға арналған шеру кезінде жарылыс болды. Соңғы мәліметтер бойынша 103 астам адам қайтыс болды.

CNN мәліметінше, әскери қолбасшы Қасым Сүлейманидің бейтінің маңында болған екі бірдей жарылыстан кемінде 103 адам қаза тауып, тағы 141 адам жарақаттанған. Ел билігі бұл оқиғаны "лаңкестік шабуыл" деп атады.

Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, бірінші жарылыс Сүлеймани бейітінен 700 метр жерде, ал екіншісі бір шақырым жерде болған. IRINN мемлекеттік телеарнасы тілшілерінің хабарлауынша, Сүлеймани бейітінің маңындағы алғашқы жарылыс Peugeot 405 көлігінің ішіндегі чемоданға салынған бомбаның жарылуы салдарынан болған, "оны қашықтан жарған" деген болжам бар.

Иранның ішкі істер министрі Ахмад Вахиди алғашқы жарылыс жергілікті уақыт бойынша 15:00-де (Астана уақыты бойынша шамамен 17:30) болғанын айтты. Оның айтуынша, 20 минуттан кейін, яғни шеруге қатысушы басқа адамдар жаралыларға көмекке келген кезде, екінші, аса қауіпті жарылыс болған.

CNN арнасы таратқан мәліметке сүйенсек, әлі ешбір топ жарылыстарға жауапкершілік алған жоқ.

Иранда бейсенбі, 4 қаңтар қаралы күн деп жарияланды.

Қасым Сүлеймани деген кім?

Генерал Қасым Сүлеймани Ислам революциясы сақшылары корпусының (Пасдаран) Ираннан тыс жерлерде арнайы операцияларды ұйымдастыруға арналған "Құдыс" жасағының басшысы болған.

Ол 2020 жылғы 3 қаңтарда Иракта АҚШ-тың әуе соққысынан қаза тапты. Кейінірек Пентагон оның АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамптың бұйрығымен өлтірілгенін растады. Сүлеймани Иран халқының қазіргі рухани көсемі-Әли Хаменеиден кейінгі ең ықпалды тұлға саналған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2053935-toqaev-lankestik-bolgan-iran-prezidentine-konil-aitty/

pixel