Қазақстанда Алатау қаласы пайда болды: Тоқаев қаулыға қол қойды
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы қаулыға қол қойды. Қаулы Ақорда сайтында жарияланды.
Қаулыда Алматы облысының Іле ауданы одан Жетіген ауылын бөлу жолымен қайта ұйымдастырылатыны айтылады.
Сондай-ақ Алматы облысы Іле ауданының Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылып, атауы Алатау қаласы болып өзгертілді.
"Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтың 1 және 2-тармақтарын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - делінген қаулыда.
Айта кетейік, былтыр 15 қарашада "Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы" Қазақстан Республикасының президенті Жарлығының жобасы әзірленген еді. Жарлық жобасы 29 қарашаға дейін қоғам болып талқылау үшін Ашық НҚА сайтында жарияланды.
Жетіген Алматы облысы Іле ауданындағы ауыл болған. Елді мекен Алматыдан солтүстікке қарай шамамен 47 километр қашықтықта орналасқан. Қазір ауылда 20 мыңға жуық адам тұрады.
2020 жылы "Іле таңы" газетінде Жетіген ауылының тарихы жарияланған. Шыңғысханның шапқыншылығынан құрып кеткен ескі қаланың орнына 1854 жылы осы Жетіген ауылының орнында Николай патшаның үкімімен қорған салынған. Қорған атақты Жібек жолының бойында орналасып, ақ патша оны Верный деп атады. Верный қорғаны Семипалат облысымен және 12 казак пикетімен байланысып жатқан.
Өз кезегінде казактар пошта қызметін атқарды. Пикетте сібір казактарымен қатар, Ресей мен Украйн жерінен келген казактар да болды. Казактар келгеннен кейін елді отырықшылдыққа айналдырды, егін салып, мал шаруашылығын дамыта бастады. Олар Көтентай (Николаевское), Осташкино (Покровское), Қарасу (Дмитревское) Көтентай, Қарасу, Есентай өзендерінің бойын бойлай орналасты.
1929 жылдан бастап, ауыл шаруашылығын күшпен ұйымдастыру басталды. Қызыл комунна, колхоздар құрыла бастады. Николаевкада комуннаны тұрғындардың өздері құрды. Ұйымдастырушы Максим Петрович Дьяченко колхоздың құрылғанын хабарлады. Колхоздың алғашқы төрағасы болып Иван Ермолаевич Бушев сайланған. Колхоз адал еңбекшілердің арқасында күннен-күнге көркейіп, аудандағы ірі колхоздардың біріне айналды. Тұрғындардың саны көбейіп, көптеген ұжымдар құрыла бастады. Мектеп, дәрігерлік бөлім, балабақша, дүкендер, байланыс бөлімшелері, кітапханалар, Мәдениет үйі бой көтерді. Колхоз председательдері ауысып отырды. Бірақ, олардың әр-қайсысы Николаевка селосының дамуына өз іздерін қалдырды.
Николаевка күн санап өсе түсті. Түрксіб теміржол магистралі бірыңғай теміржол жүйесіне қосылып, 1931 жылдың қаңтарынан бастап, Жетіген станциясы арқылы өтетін болды. Қазақстан Республикасының ономастикалық комиссиясының шешімімен Николаевка 1993 жылдың 22 шілдесінен бастап, Жетіген ауылы деп аталатын болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2054663-qazaqstanda-alatau-qalasy-paida-boldy-toqaev-qol-qoidy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.