Тоқаев пен Италия премьері не туралы сөйлесті
Жарияланған күні:
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия министрлер кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен келіссөз жүргізді. Оның нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Италия арасында тығыз саяси диалог, берік экономикалық ықпалдастық, табысты мәдени-гуманитарлық байланыс орнағанын атап өтті.
"Біз Италияның Орталық Азиядағы басты серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді және қарым-қатынастарды одан әрі арттыруға мол әлеует бар", – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі және ел экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы 15 миллиард долларға жуықтады. Италиядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 7,3 миллиард долларды құрады.
Бүгінде біздің елімізде 300-ден астам италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont, IVECO, Tenaris және басқа да ірі инвесторлар бар.
Қазақстан президенті БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және ЭЫДҰ аясындағы әлемдік аренада ортақ мақсаттарға қол жеткізу ісіндегі екі елдің табысты ықпалдастығына арнайы тоқталды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық, терроризмге қарсы күрес, климаттың өзгеруі сияқты мәселелерге қатысты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Алматыда Италия мәдениеті институтының ашылуын құптады. Оның пікірінше, мәдени дипломатия, білім беру саласындағы серіктестік және туризм елдер арасындағы байланыстарды тереңдетуде маңызды рөл атқарады.
Джорджа Мелони қазақ-итальян қатынастарының деңгейі жоғары екенін атап өтіп, Италияның Қазақстанмен арадағы байланыстарын нығайтуға бейілді екенін жеткізді.
"Сіздің бүгінгі сапарыңызды қазақ-итальян қарым-қатынасын одан әрі өркендету үшін зор мүмкіндік ретінде қарастырамыз",– деді премьер-министр.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аграрлық, мәдени-гуманитарлық, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жасыл энергетика және екі мемлекеттің астаналары арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, кездесуде өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.\
"Бүгінгі келіссөздер екіжақты қарым-қатынасымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына және ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын қарастыруға жақсы мүмкіндік беретініне сенімдімін", – деді президент.
Кездесу соңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия премьер-министрі бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Сондай ақ мынадай құжаттарға қол қойылды:
- Қазақстан Республикасының үкіметі мен Италия Республикасының үкіметі арасындағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер жерленген орындардың мәртебесіне қатысты келісім;
- Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Италия Республикасының Әділет министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Италия Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Италия Республикасының Университеттер және зерттеулер министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Италия Республикасының Ұлттық мемлекеттік басқару мектебі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстанның "Самұрық-Қазына" қоры мен Италияның "Cassa Depositi i Prestiti" компаниялар тобы арасында бірлескен инвестициялық қор құру және өңдеу өнеркәсібі, энергетика, логистика салаларына инвестиция салу туралы келісім;
- Қазақстанның "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен Италияның "ENI" компаниясы арасындағы жалпы қуаты 247 MBт болатын гибридті электр станциясын (жел электр станциясы, күн электр станциясы) салу жөніндегі бірлескен жобаны жүзеге асыру туралы бірлескен түпкілікті инвестициялық шешім.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2056296-toqaev-pen-italiya-premeri-ne-turaly-soilesti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.