Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Италияда БҰҰ шенеунігіне Алматының апортынан дәм татқызды (видео)

Опубликовано:

Президент Алматының әйгілі апортын таныстырды
Президент Алматының әйгілі апортын таныстырды. Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюймен кездесті. Мемлекет басшысы Цюй Дунъюйге Алматының әйгілі апортын таныстырды, деп хабарлайды Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында.

Италияға ресми сапары барысында Мемлекет басшысы БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) Римдегі штаб-пәтеріне барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Цюй Дунъюймен кездесуде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіп кешенінің орнықты дамуын ілгерілетудің маңыздылығына назар аударып, Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

"Азық-түлік тапшылығы – жаһандық күн тәртібіндегі өзекті проблеманың бірі. Қазақстан бұл мәселені шешуге өз үлесін қосуға ұмтылады. Біздің еліміз дәнді дақылдар өсіру жөнінен алдыңғы қатарда. Бидай экспортының көлемі шамамен 6 миллион тоннаға жетеді. Біз астық және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұйыммен арадағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз тұқым шаруашылығын жетілдіру, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тозуына қарсы күрес, жасыл ауыл шаруашылығын ілгерілету, жер-су ресурстарын оңтайлы және тиімді пайдалану мәселелері бойынша БҰҰ сараптамалық қолдау көрсетеді деп үміттенеді. Қазақстан жергілікті бірегей ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін тұрақты өндіріс және сауда тізбектерін жетілдіруді көздейтін FAO-ның "Бір ел – бір негізгі өнім" бастамасына қатысады.

"Қазақстан алманың отаны ретінде кеңінен танымал. Апорт сұрпы еліміздің ең ірі мегополисі – Алматының маңайында өседі. Біз алманың осы түрін өздеріңізбен күш біріктіре отырып, әлем нарығына шығаруға ниеттіміз. Осы бастамамызды іске асыру барысында Сіздің жеке қолдауыңызға арқа сүйейміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қоры және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының төрағасы ретінде Қазақстанның басымдықтары туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымды Арал бассейніндегі жерлердің топырағын мелиорациялауға және су ресурстарын басқаруға қатысты жобалар әзірлеу ісіне жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды. Сондай-ақ президент елімізде FAO-ның Орталық Азиядағы өңірлік бөлімшесін ашуды ұсынды.

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсету ісінде Қазақстан аймақта ғана емес, бүкіл әлемде елеулі рөл атқаратынын атап өтті.

Кездесу соңында президент мазмұнды әңгіме-дүкен құрғаны үшін FAO басшылығына ризашылығын білдіріп, оны алдағы Халықаралық Астана форумына қатысуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2056492-alem-narygyna-sygaruga-niettimiz-toqaev-cyui-dunyuige-almatynyn-aigili-aportyn-tanystyrdy/

pixel