Тоқаев Алматыдағы жер сілкінісі кезінде жұртты әдейі дүрліктірген адамдарды жазаға тартуды тапсырды
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында жұртты әдейі дүрліктірген адамдарды заңға сәйкес жазаға тарту қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды akorda.kz.
Ақорданың баспасөз қызмітінің мәліметінше, мемлекет басшысы инфрақұрылымдардың халықты эвакуациялауға дайындығына және құлақтандыру жүйесіне қатысты мәселеге ерекше назар аударды.
"Дабыл қосылмады. Бұл дұрыс шешім болды. Әйтпесе, қалада дүрбелең туындайтын еді.
Бірақ халықты басқа байланыс арналары арқылы хабардар ету қажет болатын. Құлақтандыру бірнеше негізгі міндетті шешуі керек. Олардың қайсысын бұрын қолдану керектігі қауіп-қатердің ауқымына байланысты.
Алайда қолданыстағы алгоритмдерде бұл ескерілмейді. Қатты жер сілкінісі кезінде адамдарды зілзаланың физикалық сипаттамалары мен эпицентрі туралы ақпарат қызықтырмайды. Олар табиғат апатының қаншалықты жойқын екенін онсыз да сезінді. Мұндай сәтте, ең бастысы, тұрғындарды әрі қарай қалай әрекет ету жөніндегі ақпаратпен қамтамасыз ету маңызды.
Азаматтар "Үйге оралуға бола ма?", "Қайдан көмек алуға болады?" деген сауалдарға жауап алуы керек. Сондықтан құлақтандыру жүйесін қайта қарап, оны барынша нақты қажеттілікке бейімдеу қажет. Техникалық құралдар ақпараттың әр адамға уақытылы жетуін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл жолы SMS-хабарламалар тым кеш келді", - деді президент.
Ол жер сілкініс кезінде жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіргендерді заң аясында жазалау керек екенін баса айтты.
"Сондай-ақ дүмпу кезінде байбалам салып, жалған ақпарат таратқандар болды. Жұртты әдейі дүрліктірген адамдарды заңға сәйкес жазаға тарту қажет", – деді мемлекет басшысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2057531-toqaev-almatydagy-zer-silkinisi-kezinde-zurtty-adeii-durliktirgen-adamdardy-zazaga-tartudy-tapsyrdy/