Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Бюджет тапшылығы 11 трлн теңгеден асып кетті

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысуда. Онда мемлекет басшысы қазіргі экономикалық ахуалға байланысты өзекті мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап.

"Алдағы міндеттерді орындау үшін үкіметке де, әкімдіктерге де тиісті құзырет берілген. Алайда бұл мүмкіндіктер көп жағдайда дұрыс қолданылмай жатады. Соның кесірінен реформаларды жүзеге асыру қарқыны бәсеңдеп кетті. Мұндайды доғару керек", - дейді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, нақты нәтиже алу үшін бюрократияны тоқтату қажет.

"Мемлекеттік органдар арасында өзара келісу мен талқылау жұмысы аяқталғанша, кез келген бастаманың негізгі мән-маңызы да өзгеріп кетеді. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болуы қажет. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды.

Қазіргі жағдайда экономикамыздың мейлінше еркін дамуына мән беруіміз қажет. Елімізді дамудың жаңа белесіне шығарамыз десек, бұл жұмысты жедел және дәйекті түрде жүргізген жөн. Мен былтырғы Жолдауымда жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын айқындап бердім. Сондықтан бүгін мен қазіргі экономикалық ахуалға қатысты өзекті мәселелерге тоқталамын", - деп сөзін бастады президент.

Мемлекет басшысы бірінші кезекте бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажет екеніне тоқталды.

"Соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала береді.

Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағаны белгілі. 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылды. Демек бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілді.

Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады. Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасы барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек", - деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2059590-toqaev-byudzet-tapsylygy-11-trln-tengeden-asyp-ketti/