Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Құрылыс сапасына қатысты бақылауды күшейту керек

Опубликовано:

Құрылыс алаңы
Құрылыс алаңы: pixabay.com

Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керегін айтты. Сондай-ақ мемлекет басшысы осы саладағы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне тоқталды. Бұл туралы Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Қазір құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет. Құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние. Алайда мемлекет осы нарықты түгел иемденіп алмауы қажет. Шынайы бәсеке болуға тиіс. Үкімет барлық тараптың мүддесін ескеруі керек", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда президент тағы бір өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлыққа тоқталды.

"Бұл – құрылыс саласын ғана емес, жалпы экономиканы дамытуға тосқауыл болатын фактор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағытта біраз жұмыс жасалды, нәтиже де бар. Бірақ, солай екен деп, босаңсуға болмайды. Жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, цифрландыруды белсенді түрде қолдану керек.

Қазір құрылыс саласында бірнеше ақпараттық жүйе бар. Осындай тәсілдер арқылы бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын қамтамасыз ету қажет, яғни барынша ашық және қатаң бақылау болуға тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Себебі, қаржының ұрлануы, ең алдымен, құрылыстың сапасына әсер етеді және бюджетке қосымша салмақ салады. Ақшаға цифрлық теңге арқылы ен салу және оны қадағалау, басқаша айтқанда, "ақшаны бояу" бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын өте маңызды тетік болуы мүмкін", - деді президент.

Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, цифрлық валютаны қолдануға қатысты пилоттық жобалардың ауқымын кеңейтуді, оның ішінде құрылыс саласына барынша енгізуді тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2059602-toqaev-qurylys-sapasyna-qatysty-baqylaudy-kuseitu-kerek/