Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ

Опубликовано:

Үкіметтің кеңейтілген отырысы
Үкіметтің кеңейтілген отырысы. Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысын жетілдіруді тапсырды, деп хабарлайды Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында.

Мемлекет басшысының айтуынша, агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды реформа жасалуға тиіс.

"Нақты айтқанда, жаңа технологияларды енгізіп, жерді және басқа ресурстарды ұтымды пайдаланып, жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімділігін арттыру қажет. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігін арттырады, яғни нақты нәтиже береді.

Су ресурстарының қолжетімді болуы – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына тікелей ықпал ететін маңызды фактор", - деді президент.

Президент былтыр Жамбыл облысының диқандары су тапшылығынан қатты зардап шеккенін, биыл да құрғақшылық болуы мүмкін екенін айтты.

"Арнайы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Ал, көрші мемлекеттер су тапшылығын жою үшін нақты мақсат қойып, белсенді жұмыс істеп жатыр.

Ал бізде болса, су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы тек жақында ғана қабылданды. Бұл құжат тым ұзақ талқыланды. Ашығын айту керек, жағдай өте күрделі. Мысалы, еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар", - деді ол.

Мемлекет басшысының сөзінше, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшылық қаупі аса жоғары.

"Соған қарамастан, осы аймақтарда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет. Ахуалды жақсарту үшін батыл әрекет жасау керек. Ең алдымен, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізген жөн. Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз. «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді тұстарын алу қажет.

Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, коммуналдық шаруашылықта, жалпы, барлық салада суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру қажет", - дейді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2059617-toqaev-su-resurstary-zane-irrigaciya-ministrliginin-zumysy-azirge-oidagydai-natize-bergen-zoq/