Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Елімізді әлемдегі "цифрлық көшпенділердің ордасына" айналдыруымыз қажет

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында жасанды интеллектіні дамытуға баса назар аудару қажеттігін айтты, деп хабарлайды Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында.

"Экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды. Біз мемлекеттік және қаржы қызметтерін цифрландыру ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік.

Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 88 пайызға жетті. 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 50 пайыздан аспаған еді. Небәрі төрт жылдың ішінде Қазақстанда қаржы технологиясы қарқынды дамыды. Бұл жетістік экономиканың басқа салаларына да үлгі болуға тиіс. Оларды да цифрландыру ісін қолға алатын кез келді", - деді президент.

Мемлекет басшысы Әр министрлікте өз саласына цифрлық өзгеріс жасау картасы (Сингапур тәжірибесі бойынша) болуы қажеттігін атап өтті.

"Мұндай картада министрліктерге қарасты салаларға алдағы бес жыл ішінде қандай технологияның жаппай енгізілетіні туралы көзқарас толық көрініс табуға тиіс.

Жасанды интеллектіні дамытуға баса назар аудару қажет. Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылға қарай әлемдегі кәсіпорындардың 80 пайыздан астамы жасанды интеллект құралдарын қолданады (бүгінде бұл көрсеткіш 5 пайызға да жетпейді).

Медицина, білім беру, креативті индустрия салаларында жаһандық өзгерістер болып жатыр. Біз бұған қазірдің өзінде куә болып отырмыз. Нақты айтқанда, жасанды интеллекті арқылы біз экономикамызды қарқынды түрде дамытамыз, сондай-ақ елімізде ең үздік инновацияларды қолданамыз. Ол үшін жұмысты түбірінен бастауымыз керек, яғни институционалдық орта қалыптастыру керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы айтуынша, бұл жерде мәселенің екі жағы бар екенін ескеру қажет, бір жағынан, мәліметтер көпке қолжетімді болуы керек, екінші жағынан, қауіпсіздік, жеке мәліметтерге қол сұқпау, мәліметтердің сапалы болуын қамтамасыз ету мәселесі бар.

"Үкімет 87 мемлекеттік мәліметтер базасынан құралатын дерекқор қалыптастырды. Алайда жасанды интеллектінің озық үлгілерін жасау үшін мұның өзі аздық етеді. Сондықтан мемлекеттік және коммерциялық сектордағы иесі нақтыланбаған деректерді жинақтай берген жөн.

Сондай-ақ деректерді басқару жүйесінің бірыңғай архитектурасын енгізген дұрыс. Біз қуаты күшті суперкомпьютер құруға кірістік. Ол ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар біздің нарықта жұмыс істейтін түрлі компанияларға да қолжетімді болады. Бұл қадам «ауқымды деректерді» кеңінен қолдануға тың серпін беретініне сенімдімін", - деді ол.

Оның сөзінше, соңғы жылдары ғылым саласына бөлінетін қаржы айтарлықтай көбейді.

"Соның арқасында министрліктер зерттеу институттарымен бірлесе отырып, жасанды интеллектіні өз саласында қолдануға мүмкіндік беретін жобаларды ұсына алады. Әрине, ең алдымен, білікті кадрлар қажет. Үкімет осы сала бойынша озық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге тиіс.

Бұдан бөлек, шетелдің белгілі мамандарын тарту үшін Digital Nomad Residency арнайы бағдарламасын іске қосу керек. Яғни, елімізді әлемдегі "цифрлық көшпенділердің ордасына" айналдыруымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, заманның ағымынан қалмау керек. Цифрлық технологияны неғұрлым жедел әрі тиімді пайдалансақ, даму қарқынымыз да соғұрлым табысты болмақ", - деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2059627-toqaev-elimizdi-alemdegi-cifrlyq-kospendilerdin-ordasyna-ainaldyruymyz-qazet/