"Үкіметтің жаңа құрамы дайын": Бектенов президент жүктеген міндеттер мүлтіксіз орындалатынын айтты
Жарияланған күні:
Читать на русскомҮкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа министрлер кабинетінің алдына көптеген міндеттер қойды. Олжас Бектенов министрлер ол міндеттерді іске асыруға дайын екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Мен бүгін бірқатар маңызды мәселеге тоқталдым. Әрине, басқа да өзекті мәселелер бар. Үкіметтің алдында тұрған міндеттер – өте маңызды. Дереу жұмысқа кірісу керек. Түптеп келгенде, экономиканың әр саласында түбегейлі реформалар жасалуға тиіс", - деп ел президенті кеңейтілген отырыста үкіметтің жаңа құрамына жаңа міндеттер жүктеді.
Жиын соңында сөз алған жаңа премьер-министр Олжас Бектенов президент қойған міндеттер орындалатынын айтты.
"Құрметті президент мырза, сіздің барлық ауқымды тапсырмаларыңыз мүлтіксіз орындалады, үкіметтің жаңа құрамы бұған дайын. Біз бұл мәселелердің нақты шешімдеріне назар аударамыз", - деді Бектенов.
Үкіметтің отставкаға кетуі және жаңа министрлер кабинетінің жаңа құрамы
Айта кетейік, 5 ақпанда Қазақстан үкіметі отставкаға кетті.
Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қазақстанда жаңа министрлер кабинеті қашан құрылатынын айтты.
6 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа парламент мәжілісі және Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламенті мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесу өткізіп, премьер-министр лауазымына ұсынылған Олжас Бектеновтің кандидатурасы жөнінде фракция басшыларымен кеңесті. Артынша президент парламент мәжілісінің пленарлық отырысына қатысып, депутаттардың келісімін алу үшін жаңа премьер-министрдің кандидатурасын ұсынды.
Фракциялардың басым бөлігі қолдағандықтан, Олжас Бектенов президенттің жарлығымен еліміздің премьер-министрі болып тағайындалды.
Сонымен қатар президент жарлығымен кеше жаңа министрлер тағайындалған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2059641-ukimettin-zana-quramy-daiyn-bektenov-prezident-zuktegen-mindetter-multiksiz-oryndalatynyn-aitty/