Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Биыл Қазақстанның сыртқы саясаты қандай болмақ: сарапшылар пікірі

Опубликовано:

Бәйтерек
Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Көп жылдан бері көпвекторлы саясатты ұстанып келе жатқан ресми Астана биыл бұл ұстанымын өзгерте ме? Отандық саясаттанушылардың пайымдауынша, биыл бұл саясатқа сәл ғана өзгеріс енуі мүмкін, яғни Қазақстан сыртқы саясатты экономикаландырады және гуманитарлық дипломатияны жүзеге асыратын болады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Саясаттанушы Пердехан Шәмшиевтің айтуынша, биыл қазақстандық дипломаттардың іске асыруға тиіс жоспары көп.

«Биыл еліміз көпвекторлы сыртқы саясатты жалғастырады. Бұл аксиома. 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасына сүйеніп әлеммен байланыс орнатылады. Онда көпвекторлы саясат тұжырымдалған. Яғни, біз көршілермен, өзге елдермен және әлеммен екіжақты және көпжақты байланыс орнатуға мүдделіміз. Бірақ өткен кезеңмен салыстырғанда ерекшеліктер бар. Оның ішінде сыртқы саясатты экономикаландыру және гуманитарлық дипломатияны жүзеге асыру бар.

Бұдан бөлек өңірлік және көпжақты дипломатия саласында басымдықтар бар. Ең алдымен Алматы қаласындағы БҰҰ хабына Тұрақты даму мақсаттары бойынша БҰҰ-ның Қазақстандағы өңіраралық орталығы мәртебесін беру және оның Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстандағы қызметіне жәрдемдесу бағытында жұмыс жалғасады. Сонымен қатар Ресей, Қытай, АҚШ, Орталық Азия және ЕО-мен байланыс нығая түседі.

Екіншіден, Қазақстан биыл халықаралық ұйымдарға төраға. Қаңтардан бері ҰҚШҰ-ға, былтыр жаздан бері ШЫҰ-ға төраға. Бұл бағытта алға қойған мақсат пен міндеттер бар. ҰҚШҰ аясында ұйымның өзге халықаралық бірлестіктермен байланысын нығайту мақсаты тұр. Бұл әсіресе санкциялық текетірес кезінде қажет шара. Сондай-ақ халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелері қолға алынбақ.

Үшіншіден, дүниежүзілік көшпенділер ойыны биыл елімізде өтеді. Бауырлас елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту және көшпелі өркениетті әлемге паш ету бағытында бұл ойындардың маңызы көп», - дейді саясаттанушы.

Әзірге шетелдік сарапшылар Қазақстанды «Орта державалар» қатарына енгізіп отыр. Биыл ақпанда Германияның беделді ғылыми-сараптамалық орталығы – «Ғылым және саясат қоры» «Орта державалар – халықаралық саясаттағы маңызды факторлар» атты мақалалар жинағын басып шығарды. Онда олар әлемнің әр түрлі аймақтарындағы әлемдік аренада маңызды рөл атқаратын, сондықтан ірі жаһандық ойыншылардың ерекше назарын аударуға лайық мемлекеттерді тізіп шыққан. Осы тізімде Қазақстан алғаш рет «орта державалардың» қатарына еніп отыр. Саясаттанушы Жандос Уәлихан бұл өте жақсы көрсеткіш екенін айтады.

«Елімізге берілген өте жоғары баға. Бұл тізімге бізден бөлек Түркия, Сауд Арабиясы, Египет, Мексика, Израиль сияқты елдер кірді. Мысалы, осы елдердің барлығына ортақ қасиет - ірі алпауыт державалардың саясатына үлкен ықпал көрсететін елдер қатарында болуы. Соның ішінде Қазақстан бар, биыл қосылып отыр. Ірі державалар дегеніміз – Ресей, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ. Олар бүгінгі әлемнің күн тәртібін белгілеп отырса, «орта державалар» сол әлемнің күн тәртібін белгілеп отырған алпауыт елдерге едәуір үлкен ықпал ететін мемлекеттер. Мысалы Қазақстан түбегейлі Ресейді жақтап кеткенде немесе түбегейлі Еуроодақ пен АҚШ-тың саясатын қолдағанда немесе Қытайдың ықпалында болғанда, әлемдік күн тәртібі мүлдем басқаша болар еді. Қазақстанды «Орта державалар» қатарына жатқызу – бұл алпауыт елдердің алдағы іс-әрекеті мен стратегиялық бағыт-бағдарына нақты ықпалын көрсететін елдер қатарына кіргенімізді көрсетіп отыр.

Менің пікірімше, жалпы осы рейтинг бірнеше фактор бойынша жасалған. Бірінші, экономикалық көрсеткіштер, яғни әлемдік экономикадағы осы елдердің ықпалы. Сауд Арабиясымен бірге қойғанына қарағанда, мысалы мұнай бағасына едәуір ықпал етеміз. Немесе Түркия секілді Батыс пен Шығысты жалғап отырған мемлекетпіз, немесе Мексика секілді ірі алпауыттардың жан-жағында орналасқан елміз. Екіншіден, ол, әрине, адам құқықтарының көрсеткіші. Адам құқықтары сақталатын және осы мемлекетте заңның тәртібі орнаған тұрақтылығы бар мемлекеттер қатарындағы елміз деген сөз», - дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар сарапшылар Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында өзінің сыртқы саясатымен ерекшеленетінін айтады. Мәселен, аймақтық көршілермен салыстырғанда, Қазақстанның либералды саясаты бар, ал экономикалық өсім түрлі пайдалы қазбалардың үлкен қорымен және шетелдік инвестицияларды тартуға көзделген көпвекторлы сыртқы саясат арқылы жүргізіліп отырады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен республика ортақ мәселелерді шешу және Орталық Азияны халықаралық аренада өз мүддесін қорғай алатын макроөңір ретінде қалыптастыру үшін аймақтағы барлық елдің күш-жігерін біріктіруге ұмтылуда.

«Орта державалардың» әлемдік саясаттағы орны туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясының жалпы дебатында айтқан болатын. Сонымен қатар ол «орта державалардың» қатысуы «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін кешенді реформалау үшін маңызды екенін, онсыз заманауи сын-қатерлермен күресу мүмкін еместігін айтқан болатын.

«Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек. Біздің өңірде Ұйымға мүше мемлекеттердің ықпалдастығының жандануы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құрлықтағы делдалдық пен бітімгершілікке үлес қосуға қабілетті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруда оң ықпал етті. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы бастама көтерді. Біз сіздерді осы игі іске қосылуға шақырамыз. Бұл – жаңа қауіпсіздік парадигмасын, әділ экономикалық ортаны және таза планетаны қамтитын бастама. Жаһандық Оңтүстік пен жаһандық Солтүстік арасында ашық диалог орнату – оның негізгі арқауы», – деді Қазақстан басшысы.

«Ғылым және саясат қорының» Қазақстан туралы мақаласында оның Орталық Азия елдерімен салыстырғанда сыртқы саясатымен ерекшеленетіні жазылған, сол себептен бұл оны аймақтағы негізгі ойыншыға айналдырып отыр. Мұны республика барлық әріптесімен, соның ішінде Батыспен де экономикалық қарым-қатынастарын жүйелі түрде дамытып отырғандығымен қуаттайды. Сарапшылар Қазақстанның сыртқы саясатының миссиясын екі аймақтық держава – Ресей мен Қытайдың «маневрге» мүмкіндік беретін кең ауқымды сыртқы байланыстар арқылы ықпалын тежеу ​​деп атайды.

Неміс қорының сарапшылары бұл тәсілді одақтар мен серіктестерге деген прагматикалық көзқарас ретінде сипаттайды, бірақ, сонымен қатар Қазақстанның Орта Азия елдерімен бірлесіп дамуға ұмтылысы барын айтады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан сыртқы байланыстар беретін бар мүмкіндіктерді пайдаланады, алайда бұл мүмкіндіктерді ол тек серіктестік пен тең шарттар негізінде пайдаланады.

Мақалада Қазақстан экономикасы туралы сөз қозғағанда бұл елдің Орталық Азиядағы көршілерімен салыстырғанда нарығы шетелдік инвесторларға мемлекет өз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардан, яғни 1990 жылдардан бері ашық екені айтылған. Бұл шетелдік кәсіпкерлерге көмірсутегінің бай қорын барлаумен және өндірумен айналысуға мүмкіндік берді. Экономиканың ашықтығының арқасында Еуропа сайып келгенде Қазақстанның жалпы тауар айналымының 40 пайызын құрайтын негізгі сауда серіктесіне айналды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2063071-biyl-qazaqstannyn-syrtqy-sayasaty-qandai-bolmaq-sarapsylar-pikiri/

pixel