Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Ақорда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс айту күнімен құттықтауын жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Редакция президенттің құттықтауын ұсынады:

Құрметті отандастар!

Сіздерді Алғыс айту күнімен құттықтаймын!

Бұл – береке-бірлігімізді бекемдей түсетін мереке. Осы күні еліміздің азаматтары бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Сондай-ақ татулық, ынтымақ, достық сынды қастерлі құндылықтар жан-жақты дәріптеледі. Мұның бәрі ұлтты ұйыстырудың ұтымды жолы екені сөзсіз.

Халқымыздың уақыт сынынан өткен жанашырлық, қамқорлық, мейірімділік сияқты асыл қасиеттері, әсіресе қиын-қыстау кездерде айқын көрінеді. Бүгінде мемлекетімізде ауқымды өзгерістер болып, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасалып жатыр. Осындай сындарлы сәтте елдік мүддені бәрінен биік қойып, ырыс-ынтымағымызды сақтау өте маңызды.

Біз озық ойлы ұлт ретінде көздеген барлық биік мақсаттарға қол жеткізетінімізге кәміл сенемін. Осы орайда тынымсыз тер төгіп, Қазақстанды көркейтуге өз үлесін қосып жүрген азаматтарға алғыс айтамын.

Баршаңызға бақ-береке және мол игілік тілеймін!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Айта кетейік, Қазақстанда Алғыс айту күні 2016 жылдан бастап енгізілді. Сол жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының жиынында 1 наурызды Қазақстан халқына алғыс айту күні деп белгілеген. Бұл күннің қарсаңында мектептер мен балабақшаларда түрлі мерекелік іс-шара ұйымдастырылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2063880-toqaev-qazaqstandyqtardy-algys-aitu-kunimen-quttyqtady/