Тоқаев Батыс Қазақстан облысының су басқан аумақтарын тікұшақпен аралап көрді (фото)
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарын еріген қар суы басқан аумақтарды тікұшақпен аралап көруден бастады. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы қалыптасқан жағдаймен танысты, деп жазды Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасы.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев президентке бүгінде 6 аудан мен Орал қаласын су басқанын баяндады. Қар суы 552 тұрғын үйге, 427 саяжай теліміне зиян келтірген.
Өңір басшысының айтуынша, су тасқынына қарсы шараларға 1911 адам, 332 техника, 101 мотопомпа, 1 тікұшақ жұмылдырылған. Сонымен қатар құтқару жұмыстарына Алматы және Маңғыстау облыстарының құтқарушылары атсалысып жатыр.
Қарғын су басқан аумақтардан 7 мыңға жуық тұрғын көшірілген, жедел-эвакуациялау пункттері құрылған. Зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 63 миллион теңге қаржы бөлінді. Су айдау, нысандардың жан-жағын топырақпен қоршау және су жүретін құбырларды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысына келді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2078882-toqaev-batys-qazaqstan-oblysynyn-su-basqan-aumaqtaryn-tikusaqpen-aralady/