Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Басты міндет – қайта қалпына келтіру": Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

"Қазір тиісті мекемелердің бәрі белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Бірқатар аймақты қарғын су басып қалды. Кейбір жерде тасқын су көтеріліп жатыр. Бұл – табиғи апат. Қысқасы, алдымызда тұрған жұмыс өте ауқымды. Бәріміз бір ел, бір ұжым болып осы апатты еңсеруіміз керек. Басқа жол жоқ. Тасқын судың салдарын жою үшін нақты шаралар қолға алынды. Қауіп-қатердің алдын алу жұмыстары атқарылуда. Менің тапсырмам бойынша облыстардың әкімдері жұмысқа белсенді кірісті", – деді Президент.

Мемлекет асшысы су тасқынына қатысты жағдай әлі де өте күрделі екенін атап өтіп, мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанына назар аударды. Оның айтуынша, осыған ұқсас жағдай 1994 жылы болған. Алайда қазіргі су тасқыны одан әлдеқайда ауқымды.

"Мен зардап шеккен аудандарды аралап шықтым. Апаттың ауқымын, шығынды көріп отырмын. Қаншама дүние-мүлік, электр желілері судың астында қалды. Жолдар мен көпірлер шайылып кетті. Барлық негізгі мәселе шешілгеннен кейінгі ең басты міндет – қайта қалпына келтіру. Үкіметке жаңа типтегі үйлер салу немесе бұрыннан бар үйлерді реконструкциялау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырдым. Бұл мәселені оңтайлы шешеміз деп ойлаймын. Ахуалдың ауыр екенін бұған дейін де айттым. Үкіметтің, Республикалық штабтың жетекшілігімен облыс әкімдері бұл міндетті дұрыс атқарады деп санаймын", – деді президент.

Мемлекет басшысы малдың жаппай қырылуына байланысты ушыға түскен эпидемиологиялық жағдайға арнайы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта су тасқынының алдын алу шараларына айрықша мән беруді тапсырды.

"Көктем мезгілінде қар шығару, өзендердің қауіпті учаскелеріндегі мұзды жару, қарғын су жүретін арналар жасау және басқа да қажетті шаралар алдын ала жүргізілуге тиіс. Жаз-күз маусымында өзендердің арналарын уақытылы тазалауды, табанын тереңдетуді және сағаларын кеңейтуді, автомобиль мен теміржолдардың бойындағы қолданыстағы су өткелдерінің қуаттылығын арттырып, жаңасын салу қажет. Қорғаныс бөгеттері мен су жүретін каналдар салу керек. Бұл міндет Республикалық штабқа және үкіметке жүктеледі", – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президент суы мол өзендердің арнасын реттеу үшін су қоймаларын салу маңызды екенін айтты. Соның арқасында көктем-жаз мезгілінде шаруашылық үшін қажетті су қорын сақтауға мүмкіндік болады.

"Табиғи және техногенді апаттардың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне орталық және жергілікті атқарушы органдарға бақылау жүргізу құқығын беру керек. Мұны заң жүзінде бекіту қажет", – деді мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттік органдардың төтенше жағдай кезіндегі бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу қажет деп санайды. Оның пікірінше, бұл құжатта төтенше жағдай режимін жариялаудан бастап, келтірілген шығынды өтеуге және дүние-мүлікті қалпына келтіруге дейінгі барлық құзырлы органның міндеттері мен іс-қимылы нақты қамтылуы керек.

Жиын барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, "Қазгидромет" РМК бас директоры Данара Әлімбаева баяндама жасады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2079059-memleket-bassysy-bqo-dagy-su-tasqynyna-bailanysty-zedel-stabtyn-otyrysyn-otkizdi/

pixel