Тоқаев апаттан қираған тұрғын үйлерді тез арада қалпына келтіруді тапсырды
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.
Министр президентке өнеркәсіптік даму, геология, жер қойнауын пайдалану және құрылыс салаларындағы жұмыстың нәтижесі мен алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндаған.
Оның айтуынша, биылғы қаңтар-ақпан айларында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 7,4 пайызды құраған. Өндіріс көлемін ұлғайтуда машина жасау, металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіп сияқты салалардың үлесі зор. Сондай-ақ жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 180 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның арқасында 17,8 мың жұмыс орны ашылмақ.
Қанат Шарлапаев мемлекет басшысына құрылыс саласының жай-күйі туралы да мәлімет берген.
Оның мәліметінше, былтыр 157 мың тұрғын үй салынған. Биыл 172 мың тұрғын үй салу көзделіп отыр. Жалға берілетін 22 мың тұрғын үйдің құрылысына мемлекеттен 300 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, "Отбасы банкі" арқылы қаржыландыру көлемі 300 миллиард теңгені құрайтын бағдарлама іске қосылады. Бұл ел азаматтарына 12 мың ипотекалық займ беруге септігін тигізеді.
Сонымен қатар министр Қасым-Жомарт Тоқаевқа жер қойнауын пайдалану құқығын беруге қатысты аукциондарды электронды форматта өткізу үшін E-Qazyna.kz цифрлық платформасының іске қосылғаны жайында баяндаған. Бұл бастама процестің ашықтығы мен қолжетімділігін едәуір арттырған. Аукциондарға Rio Tinto және Fortescue сияқты әлемдік ірі компаниялардың қатысуы Қазақстанның ресурстарға бай кен орындарын зерттеуге мүмкіндік беретін бәсекенің арта түскенін көрсетеді.
Кездесу барысында президентке министрліктің су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жөніндегі негізгі жоспары да таныстырылған.
Министрдің сөзінше, қазіргі уақытта су басқан өңірлерде жаңа тұрғын үй салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманың құнын бекіту жұмыстары аяқталуға жақын.
Қасым-Жомарт Тоқаев апаттан қираған тұрғын үйлерді тез арада қалпына келтіруді тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2080949-toqaev-onerkasip-zane-qurylys-ministri-qanat-sarlapaevty-qabyldady/