Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев қатерлі ісікке қарсы препарат ойлап тапқан отандық ғалымның ұсынысы туралы айтты

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатерлі ісікке қарсы препарат ойлап тапқан отандық ғалым Дос Сарбасовтың елімізде клиникалық зерттеулер хабын құру туралы ұсынысын қолдайтынын жеткізді. Бұл жөнінде ол Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Медицина ғылымында нәтижелі ізденістер бар. Қатерлі ісікке қарсы отандық ғалым Дос Сарбасов ойлап тапқан бірегей препарат – соның жарқын мысалы. Мұндай жобаларды жан-жақты қолдау керек.

Ғалым Сарбасовтың Қазақстанда клиникалық зерттеулер хабын құру жөніндегі ұсынысын ескерген жөн деп санаймын. Еліміздегі жоғары оқу орындары арасында өңірлік теңсіздік байқалады. Мықты университеттердің көбі Астана мен Алматыда орналасқан. Бұл ішкі көші-қон жүйесінің бұзылуына және өңірлердегі кадр тапшылығына әкеп соқтырады", - деді мемлекет басшысы.

Бұл ретте Тоқаев ғылым мен жоғары білімнің біртұтас дамуын қамтамасыз ету үшін бұған дейін 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орнының базасында Академиялық басымдық орталықтарын құруды тапсырғанын еске салып өтті.

"Үкімет жоғары оқу орындарының зерттеушілік бағытын дамытып, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы осы жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруы керек. Мұндай орталықтар көптеген елде табысты жұмыс істейді. Бұл елдердің экономика құрылымында ғылыми инновация мен білім беру қызметтері экспортының үлесі зор", - деді ол.

Оның пікірінше, өңірлік университеттердің ғылыми әлеуетін жас ғалымдар күшейте алады. Мұны дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсетіп отыр.

"Себебі олар мобильді әрі өзгерістерге тез бейімделеді. Оларды өңірлік жоғары оқу орындарында еңбек етуге және зерттеу жұмыстарын жүргізуге ынталандыратын пәрменді механизмдер қажет.

Жалпы, үкімет ел аумағындағы ғылыми орталықтар мен институттарды қолдап, дамыту үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдағаны жөн", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, жақында қатерлі ісікке қарсы отандық дәрі науқастарға салына бастағанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2083784-toqaev-qaterli-isikke-qarsy-preparat-oilap-tapqan-galym-turaly-aitty/

pixel