"Әр қиындықтың қайыры бар": Тоқаев қордаланған мәселелерді шешу туралы не деді
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде еліміз соңғы кезде көптеген сын-қатерді өткізіп жатқанын айтып, алда ауқымды жұмыс тұрғанын атап өтті. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Ашығын айтсақ, елімізде көп жыл бойы қордаланған мәселе әлі де аз емес, түрлі саладағы түйткілдер шешілмеді. Соның салдарын енді көріп жатырмыз.
Қалай десек те, алдымызда – бір ғана жол бар. Біз барлық мәселені міндетті түрде шешуіміз қажет. Бұл – заманның да, халықтың да талабы. Жүйелі жұмыс істесек, барлығы орнына келеді деп ойлаймын. Дәл қазір жасалған іс-әрекеттің игілігін ертең кейінгі ұрпақ көреді. Сондықтан бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып адал еңбек етуіміз керек", - деді президент өз сөзінде.
Бұл ретте мемлекет басшысы халқымыз бұдан да күрделі кезеңдерді еңсергенін атап өтті.
"Бәрін берекелі бірліктің арқасында жеңе білген. Қазіргі жауапты сәтте де мызғымас ынтымағымыз айқын көрініп отыр. Осы ауызбіршілігімізден айырмасын, барлығын да еңсереміз.
Қазақ "Жамандық көрмей, жақсылық болмас" дейді. Елдің бірлігі де, мамандардың кәсіби деңгейі де осындай сын сағатта шыңдалады. Қазір мыңдаған мемлекеттік қызметші құтқарушылармен, волонтерлермен бірге күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Олар апаттың алдын алу, адамдарды құтқару және тасқынның салдарын жою үшін еңбек етіп жүр. Әр азаматтың шынайы отаншылдығы нақты іс жүзінде байқалып жатыр. Халыққа қызмет ету – парыз. Ал қиын-қыстау сәтте туған ел үшін адал қызмет ету – қасиетті борыш", - деді ол.
Прездент соңғы жылдары еліміз көптеген сын-қатерді бастан өткеріп жатқанын баса айтты. Оның пікірінше, мемлекеттік аппарат қиындықтармен күресіп, мол тәжірибе жинақтады. Шыңдала түсті.
"Қазіргі мемлекеттік қызметшілердің өмірлік сабағы тоқсаныншы жылдардағы тәжірибеден артық болмаса, кем емес. Мен су тасқынымен күресіп жатқан мемлекеттік қызметшілерге, құтқарушыларға және еріктілерге алғысымды айтамын.
Сондай-ақ күрделі жағдайда мызғымас бірлікте болып, өзара жанашырлық көрсеткен, сабыр мен төзімділік танытқан барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін. Біз бұл қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Мемлекет тарапынан барлық шаруа тиянақты жасалады. Әр қиындықтың қайыры бар", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы апаттың салдарын жою – жұмыстың бір кезеңі ғана екенін, ең бастысы, апат болған аймақтарда жаңару және жаңғыру жұмыстары басталатынын атап өтті.
"Бұл – өте маңызды шаруа. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыс тұр", - деп түйіндеді сөзін президент.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2083805-ar-qiyndyqtyn-qaiyry-bar-toqaev-qordalangan-maselelerdi-sesu-turaly-ne-dedi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.