Тоқаев Forbes тізіміндегі бизнесмендер су тасқынынан зардап шеккендерге қалай көмектесетінін айтты
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына сапары барысында Forbes тізіміндегі кәсіпкерлер су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қалай көмектесетінін айтты. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Президент Қостанай облысына жұмыс сапары барысында бизнес өкілдерімен және су тасқынының салдарын жоюға жан-жақты көмек көрсетіп жатқан еріктілермен кездесті.
Олардың қатарында облыстағы машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, тамақ және ауыл шаруашылығы салаларындағы ірі кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ Қазақстан халқы ассамблеясының жергілікті өкілдері, облыстық жастар ресурстық орталығының еріктілері мен студенттер бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнесті қолдауға басымдық берілгенін атап өтті.
"Мұнда меценаттар бар. Сіздерге алғысым шексіз. Азаматтық жауапкершілік таныту – жан қалауы. Сіздер мұны марапат үшін емес, жанның қалауымен істеп отырсыздар", - деді президент.
Тоқаев зардап шеккендерге көмек көрсетудегі бизнесмендердің маңызды рөліне ерекше назар аударды.
"Forbes тізіміне енген ірі кәсіпкерлеріміз бар. Олармен сөйлесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, ауылға бекітіледі, жауапты болады. Бұған олар да мүдделі. Өйткені олар қосқан үлесінің нәтижесін көреді. Халқына көмектесіп жүрген қайырымды жандар деген есімдеріңіз мемлекет назарынан тыс қалмайды деп ойлаймын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ еріктілерге ризашылығын білдіріп, оларға жан-жақты қолдау көрсететінін баса айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2085971-ar-oblysqa-bekitiledi-toqaev-forbes-tizimindegi-biznesmender-su-tasqynynan-zardap-sekkenderge-qalai-komektesetinin-aitty/