Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Атүсті қарауды доғарыңыздар": Олжас Бектенов облыс әкімдеріне ескерту жасады

Опубликовано:

Олжас Бектенов
Олжас Бектенов. Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында премьер-министрі Олжас Бектенов өңірлердегі қазандықтарды жөндеуге қаражат бөлінгенін, жұмыс нәтижесін тікелей өзі тексеретінін айтты. Бұл туралы үкімет Telegram-дағы арнасында хабарлады.

"Өткен аптада мен Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғыртуға резервтен 16 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойдым. Сондай-ақ Көкшетаудағы жылу қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінді.

Энергетикалық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қосымша өзгертулер енгізілді. Енді "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы шеңберінде биылдың өзінде қолданыстағы стансаларды жөндеу мен жаңғыртуға шамамен 327 млрд теңге тарту жоспарланып отыр. Қаржы бірінші кезекте әбден тозығы жеткен объектілер мен желілерді жөндеуге жұмсалуы тиіс", - деді премьер-министр.

Олжас Бектенов жергілікті жерлерде барлық әкімдердің жұмысын көріп отырғанын, президент тапсырмаларының орындалуы – ерекше бақылауда екенін атап өтті.

"Жергілікті жерлерде барлық әкімдердің жұмысын көріп отырмыз. Мысалы, Маңғыстау облысында МАЭК-тің 2-ші Жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары 8-қаңтардан бері әлі күнге дейін басталған жоқ. Ұлытау облысы да Жезқазған Жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріскен жоқ.

Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек.

Сонымен қатар біздің елімізде жылу энергиясы өте көп ысырап болады, ол кейбір өңірлерде 20%-ға дейін жетеді. Бұл жылу мен энергияны үнемдеу тәсілінің дұрыс емес екенін көрсетеді. Бізде "Энергияны үнемдеу туралы" заң бар және барлық талаптар бекітілген. Олардың сақталуын қатаң бақылау қажет.

Мен өңірлерге сапарым кезінде президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім тексеретін боламын. Жылу орталықтарын, қазандықтар мен жылу және электр желілерін қалыпты жағдайға жеткізу керек. Әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге баса көңіл бөлу қажет", - деді Бектенов.

Олжас Бектенов ЖЭО, қазандықтар және жылу, электр желілеріне қатысты министрлер кабинетінің алдына бірқатар міндет қойды:

  • Жылыту маусымына дайындық бойынша барлық іс-шаралар жоспарын 15-мамырға дейін бекіту қажет. Орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде 15-қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15-қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің жаңа жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз ету керек.
  • Барлық жылу көздерін отынмен уақытылы қамтамасыз ету қажет. Коммуналдық-тұрмыстық көмір қорын жаз кезінде жинақтап алу жұмысын жандандыру керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2098166-atusti-qaraudy-dogaryngyzdar-olzhas-bektenov-oblys-akimderine-eskertu-zhasady/