Тоқаевқа Ұлттық музейде Леонардо да Винчидің "Әдемі ханшайым" картинасының түпнұсқасы көрсетілді
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Ұлттық музейге арнайы барып, отандық және әлемдік бейнелеу өнері туындыларының көрмесімен танысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президентке өнертанушы Ольга Батурина қазақстандық талантты қылқалам шеберлерінің туындылары жинақталған "Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер" атты көрмені таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа әйгілі италиялық суретші Леонардо да Винчидің "Әдемі ханшайым" (La bella principessa) картинасының түпнұсқасы көрсетілді.
Танымал туындының көрмесі Ұлттық музейдің 10 жылдығына орай Италияның Scripta Maneant баспасымен бірлесе ұйымдастырылған. Жоғары Ренессанс дәуіріне жататын бұл құнды жәдігер Еуропадан тысқары жерге алғаш рет шығарылып отыр.
Көрме еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Италияның Қазақстандағы елшілігінің және Италия мәдениет институтының қолдауымен өтіп жатыр.
Елорда тұрғындары мен қонақтары Леонардо да Винчидің осынау бірегей туындысын 4 тамызға дейін тамашалай алады.
Айта кетейік, Visitastana.kz сайтындағы мәлімет бойынша Леонардо да Винчидің "Әдемі ханшайым" (La bella principessa) картинасы — Леонардо да Винчидің XV ғасырдың аяғында салған туындысы, онда итальяндық ақсүйектер отбасынан шыққан жас қыздың портреті бейнеленген.
Жоғалып, кейін қайтадан табылған туынды — шебердің ең жұмбақ және таң қалдыратын картиналарының бірі. Бұған дейін картина бүкіл әлем бойынша бес рет қана көрсетіліп, әр уақытта сыншылар мен көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2113374-toqaevqa-ulttyq-muzeide-leonardo-da-vinchiding-ademi-hanshaiym-kartinasynyng-tupnusqasy-korsetildi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.