Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Уәли Киевте журналиске жасалған қастандық туралы: Президент Садықовтар отбасына көмек көрсетуді тапсырды

Жарияланған күні:

Қастандық жасалған жер
Оқиға орны. Фото: t.me/stranaua

Қазақстан президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли кеше Киевте қазақстандық журналист Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Берік Уәли оқиғаға қатысты президенттің мәлімдемесіне тоқталды, сондай-ақ қастандық жасалған журналисттің әйелінің "Біздің арна Президент үшін көзге шыққан сүйелдей болды" деген пікіріне қатысты түсінік берді.

"Қайдағы сүйел? Мемлекет басшысы бұл интернет ресурсты қарамайды, тіпті оған ешқашан қызығушылық танытқан да емес. Қазақстанда әртүрлі бағытта ондаған, тіпті жүздеген мұндай арна, сайттар жұмыс істейді. Бәрі өз қызметтерін атқарып жатыр. Ал аталған арнаның ешқашан еліміздің ішкі ақпараттық мәселелеріне айтарлықтай әсері болған жоқ. Оған қоса, көп адам ондай ақпарат көзінің бар екенін Киевте болған оқыс оқиғадан кейін ғана білді.

Қазақстанға тағылған жалған айыпты ушықтыруды, еліміздің стратегиялық бағытын, соның ішінде сыртқы саясатқа қатысты ұстанымын өзгерту үшін қысым жасауды көздейтін күштер бар сияқты.

Президенттің сөзіне келсек, қылмыс Украина аумағында жасалғандықтан, тергеуді сол елдің тиісті ведомстволары жүргізеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің құқық қорғау органдары белгіленген рәсімдерге сәйкес қосымша ақпарат алу үшін Украина тарапына сұрату жолдайды, қажет болған жағдайда жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатыса алады.

Айдос Садықовқа бұған дейін тағылған айыптарға қарамастан, ол – ең алдымен, Қазақстан азаматы. Сәйкесінше, ол және оның отбасы өздерінің тиісті құқықтарын пайдалана алады.

Конституцияға сәйкес олар ел аумағынан тыс жерлерде мемлекеттің қорғауында және қамқорлығында болады. Сондықтан gрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев Садықовтар отбасына, егер олар келісім берсе, барлық қажетті көмек көрсетуді тиісті мемлекеттік және дипломатиялық қызметтерге тапсырды", - деді Берік Уәли.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық БАҚ 18 маусымда Киевте тұратын қазақстандық белсенді, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты белгісіз біреу атып кеткенін жазған еді.

Бас прокуратура Садықовтың "ауруханада жатқанын, жағдайы ауыр екенін" хабарлады.

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте Қазақстан журналисіне жасалған қастандық әрекетке пікір білдіріп, Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2120565-prezident-sadyqovtar-otbasyna-komek-korsetudi-tapsyrdy-uali-kievte-qazaqstan-azamatyna-zhasalgan-qastandyqqa-qatysty-pikir-bildirdi/