Тоқаев АЭС бойынша республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы" жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Айта кетсек, бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында жасаған жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясына қатысты сөз қозғады.
"Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.
Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – "Халық үніне құлақ асатын мемлекетке" тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз", - деді президент.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2156301-toqaev-respublikalyq-referendum-otkizu-turaly-zharlyqqa-qol-qoidy/