Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алтынбек Сәрсенбайұлы: күрескердің өмірі, тағдыры және қайғылы қазасы

Жарияланған күні:

Алтынбек Сәрсенбайұлы
Алтынбек Сәрсенбайұлы. Фото: malim.kz

Алтынбек Сәрсенбайұлы — Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде жарқын із қалдырған тұлға. Журналист, саясаткер, дипломат, демократия мен сөз бостандығы үшін күрескер ретінде белгілі болған ол елдің дамуына елеулі үлес қосып қана қоймай, қоғамда әділет орнатуға тырысты. Оның өмір жолы, тағдыры және қайғылы қазасы Қазақстандағы саяси өзгерістердің, демократиялық күрестің бір белгісі болып қалды.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Алтынбек Сәрсенбайұлы - Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде маңызды рөл атқарған журналист, саясаткер және дипломат, ол 1993 жылы ел тарихындағы ең жас министр болып тағайындалды.
  • Ол демократия мен сөз бостандығы үшін күресіп, 2001 жылы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қосылып, оппозиция қатарында болды.
  • 2006 жылы 11 ақпанда Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі өлтірілді, бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, оның есімі әділет үшін күрестің символына айналды.

Ерте өмірі және білім жолы

Алтынбек Сәрсенбайұлы 1962 жылы 12 қыркүйекте Алматы облысы Нарынқол ауданында дүниеге келген.

Оның балалық шағы кеңес дәуірінің соңғы кезеңдеріне сәйкес келді. Мектепті үздік аяқтағаннан кейін, ол Қазақстанның белді оқу орындарының бірі — ҚазМУ (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетіне түсіп, 1984 жылы бітіріп шықты. 1985 жылы Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін журналистика мамандығы бойынша оқыған.

Білімге деген құштарлығы, белсенділігі оның болашақта үлкен тұлға болуына негіз қалады.

Сәрсенбайұлының алғашқы еңбек жолы журналистика саласында басталды. Ол ҚазТАГ халықаралық ақпарат агенттігінде редактор қызметін атқарды. Кейін "Арай-Заря" журналында, "Өркен-Горизон" журналында қызмет етті. Оның мақалалары елдегі әлеуметтік және саяси мәселелерге батыл көзқарас танытып, халықтың назарын аударды.

Осы кезеңде Сәрсенбайұлы халықтың мүддесін қорғауға дайын әрі әділетті жақтаушы азамат ретінде ерекшеленді. Оның журналист ретіндегі принципшілдігі мен еркін ойлау қабілеті оны тез арада саясат сахнасына алып шықты.

Саяси мансабы және қоғамдық қызметі

1990 жылдардағы Қазақстанның саяси трансформациясы кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлы мемлекет қызметіне кіріседі. Оның мансабы сол кезеңдегі маңызды өзгерістердің куәсі болды. Ол 1992 жылдан Президент аппаратында, Қазақстан Республикасы министрлер кабинетінде жауапты қызметтер атқарды.

1993 жылдан бастап 10 жыл бойы баспа, ақпарат және мәдениет саласының мемлекеттік органдарын басқарды. 1993 жылдан баспа және ақпарат министрі, 1995 жылдан баспа және ақпарат жөніндегі Ұлттық агенттіктің төрағасы, 1997 жылдан қоғамдық келісім және ақпарат министрі, ал 1999 жылдан Қазақстан Республикасы қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрі болған.

Осыдан 31 жыл бұрын Сәрсенбайұлы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жас министр болып тағайындалған еді. 1993 жылдың қаңтарында 30 жастағы Алтынбек Сәрсенбайұлы баспасөз және бұқаралық коммуникация министрі қызметін атқарды. Ол осы уақытқа дейінгі ел тарихындағы ең жас шенеунік болған.

2001 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы — Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық Қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі. 2002 жылдың қаңтарынан дипломатиялық қызметтерді атқарды.

Сәрсенбайұлының дипломатиялық қызметі де маңызды болды. Ол Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып тағайындалды және осы қызметте екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға үлкен еңбек сіңірді. Оның сыртқы саяси қызметі және ел ішіндегі реформаларға қатысуы оны елдің танымал тұлғаларының бірі етті.

Алайда 2003 жылдан бастап Сәрсенбайұлы өз еркімен отставкаға кетуге арыз беріп, қоғамдық-саяси қызметпен айналысты.

Демократиялық көзқарастары және оппозицияға өтуі

Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси мансабы оны Қазақстанның ішкі саясатына тереңдете түсті. Ол демократияны, сөз бостандығын және адам құқықтарын қорғау мәселелерін ашық қолдап, биліктің авторитарлық саясатына сын айтып отырды. Оның бұл ұстанымдары оны биліктен алшақтатып, оппозиция қатарына қосылуына алып келді.

2001 жылы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қосылып, осы арқылы халықты белсенді болуға және өзгерістерге шақырды. Оның бұл қадамы елдегі саяси ахуалды өзгертуді көздеген маңызды қадамдардың бірі болды.

Алтынбек Сәрсенбайұлы саясаттағы замандастарымен бірге
Алтынбек Сәрсенбайұлы саясаттағы замандастарымен бірге: respublika.kz

Оның бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевты сынаған, сөз еркіндігін және демократиялық жүйені қолдаған мәлімдемелері көп болды. Мысалы мақалаларының бірінде ол былай дейді:

"Әдiл саяси додада Назарбаев нелiктен жеңе алмайды?" дейтiн сұраққа жауап iздегенiмiз абзал.

Келiңiз, деректерге жүгiнейiк. Бұл­тартпас әрi бейтарап деректерге.

Он бес жылда елiмiзде 6 миллиардер пайда болды. 6 миллиард теңге емес, 6 миллиард доллары бар алпауыттар шықты.  Кейбiреулер оның санын 8-ге жеткiзедi. Осы кезде халқымыздың жартысынан астамының ке­дейшiлiктiң қамытын  кигенiн еске алыңыз. Азаматтарымыздың төрттен бiрiнiң  тақыр кедейлiкке ұрынғанын, әр адамның күнiне бiр жарым доллар­ға күнелтетiнiн ойлаңыз! Бұған 15 жылда елiмiзден 100 миллиард доллардың тек шикiзатын ғана шетке тасып әкеткенiн қосыңыз! Осы санды оқығанда әлеуметтiк күйзелiстен бүк түсiп, сансырап жатқан ауылдар мен қалаларда босып жүрген жұмыссыз бауырларымызды тағы да көз алдыңызға елестетiңiз.

Әлгi миллиардердiң көбiсi Қазақстанға келгенге дейiн үлкен бизнес-ортада таныла қоймағандар. Аты-жөнi белгiсiз жалаңаяқтар десе де болар едi. Онда олар байлыққа кiмнiң арқасында кенелдi? Франция, ұлы Франция 200 жылда 6 миллиардердi шығара қойған жоқ! Ал бiздiң елден шықты. Өз азаматтарымызды емес, басқаларды "жарылқадық". Бұған мақтанатын-шаттанатын жөнiмiз қай­сы? Бұдан қарапайым адамдарға жылулық пен тоқшылық келер деймiсiз? Олар мұндай әдiлетсiздiктi қолдай қояр ма екен? Кейбiр елдерде "бiздiң" миллиар­дерлерiмiздi iздес­тiрiп жатыр. Жемқорлық iстерi үшiн, лас ақшаларын айналымға сал­ғаны үшiн. Қаза берсе, олардан бұдан да зор­ғылары шығар".

Сәрсенбайұлының қанатты сөздерін жинаған Nege.kz сайтына көз жүгіртсек те, қайраткердің "Таң азаннан қара кешке дейін президентті сұңқылдап мақтай беру адалдықтың және дәйектіліктің белгісі демеңіз. Бұл – жағымпаздар мен жалпақбайлардың ісі", "Ұлт мемлекеттің тірегі болсын десек, қазақ халқы қала халқына айналуы тиіс. Сонда ғана қазақ тілі мемлекеттік тіл болады" деген қоғамдық-саяси маңызы бар мәселелерді сөз еткенін аңғарамыз.

Журналист Сырым Итқұлов Алтынбек Сәрсенбайұлының ақпарат министрі қызметінде болған кезінде жасаған мәлімдемесінің видеосын жариялаған. Онда ол "Біз журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарын жала жапқаны үшін қылмыстық қудалауды жоюды ұсынамыз. Журналист өз міндеттерін орындау кезінде қылмыскер болмауы керек, тіпті егер ол қателіктер жіберсе де. Қателіктер барлық адамға, соның ішінде үлкен басшыларға да тән" деп мәлімдейді.

Сынмен ғана емес, ел құру ісінде өз жоспарын айтқан да осы Алтынбек Сәрсенбайұлы еді. 2006 жылдың ақпанында ол "Время" газетінің журналисі Виктор Веркке сұхбат берген. Бұл оның өміріндегі соңғы сұхбат. Ол 2006 жылы 16 ақпанда, жерлеу рәсімінен кейінгі күні жарық көрді.

Сол сұхбатында Сәрсенбайұлы оппозициялық тараптың ұсынысын былай түсіндірген:

"Біз қоғамға Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасын ұсындық. Оның негізінде жасалған өркениетті демократиялық балама "Әділет жолымен – лайықты өмірге" құжаты. Бұл тұжырымдамалық тексерілген бағдарламалық құжат. Алайда телеарналарға қолымыз жетпеуіне байланысты оның мазмұны сайлаушыларға жетіңкіремеді. Егер бір сөзбен айтқанда, өткен сайлау болашақты түсіну тұрғысынан біздің қоғамды тіпті "қызықтырмады" деп айтуға болады".

Жұмбақ өлімі

2006 жылдың 11 ақпанында Қазақстанның саяси тарихында ең ауыр күндердің бірі ретінде есте қалды. Сол күні Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі — Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосын — Алматы облысынан өлі табылды. Бұл қайғылы оқиға ел ішінде үлкен дүрбелең туғызды және халықтың наразылығын оятты. Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі қазақстандық оппозицияның басына төнген қауіптің анық белгісі еді.

Ресми тергеулер бойынша, Сәрсенбайұлының өліміне Қазақстан Республикасы Сенаты аппаратының басшысы Ержан Өтембаев тапсырыс бергені айтылды. Оған киллер ретінде арнайы топ жұмылдырылғаны және оның өлімі саяси себептермен жасалғаны анықталды.

Ержан Өтембаев 20 жылға сотталған. "Кісі өлтірді" деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойы түрмеге қамалу жазасына кесілген. 2013 жылы желтоқсанда Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, әділдік үшін күресті одан әрі күшейтті.

Қазақстанның бас прокуратурасы "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс бергенін" және істің жаңа деректері табылғанын мәлім етті.

Бас прокуратура таратқан ақпарат бойынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуірінде Жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес. Рахат Әлиев пен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп айғақ берген.

2014 жылы сот Ержан Өтембаевқа қайтадан үкім шығарып, оны "қылмысқа итермелеуші" ретінде 13 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда сол жылдың соңында ол шартты түрде босап шығып, 2018 жылы қайтыс болды.

Бас прокуратура "Азаттыққа" Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевқа қатысты тергеу 2018 жылдың наурызында тоқтатылғанын мәлімдеді.

Рахат Әлиев 2015 жылы Вена түрмесінде жұмбақ жағдайда қайтыс болды, Австрия полициясы оның өзіне-өзі ол қол жұмсағанын хабарлады. ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаев қазіргі уақытта Австрияда өмір сүріп жатыр, ал бұл елдің құқық қорғау органдары оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі сұйылып кетті.

Саяси мұрасы

Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі Қазақстанның саяси жүйесінің ауқымды проблемаларын айқын көрсетті. Бұл оқиға елдегі оппозицияның басына төнген қауіптің көрінісі ғана емес, сонымен бірге демократиялық өзгерістердің жолындағы үлкен кедергілерді де ашып берді. Сәрсенбайұлының есімі әділет үшін күрестің, халықтың сөзін жеткізудің символына айналды.

"Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қоры" әр жылдың 12 қыркүйегінде Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күніне орай жылдағы дәстүр бойынша саясаткердің әруағына тағзым етіліп, еске алу шараларын өткізіп тұрады. Сол шаралардың бірі Медеу мұз айдыны жолындағы "Просвещенец" шипажайынан Құмбел шатқалы бағытында тауға шығып, "Алтынбек соқпағымен" жүріп өту.

Газет бетіндегі 2018 жылғы хабарландыру
Газет бетіндегі 2018 жылғы хабарландыру. Фото: "Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры" парақшасы

Ал 2022 жылы 6 қазанда Алтынбек Сәрсенбайұлының туғанына 60 жыл толуына арналған "Алтынбек Сәрсенбайұлы және Қазақстанда жаңа қоғам орнату мұраттары" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, Алтынбек Сәрсенбайұлының "Уақытында айтылған шындық", "Алаштың Алтынбегі" және "Қайраткерлік қағидасы" атты кітаптар таныстырылған.

Оның мұрасы – шындықты айтуға, халықтың мүддесін қорғауға және демократиялық қоғам құруға деген ұмтылысы әлі күнге дейін өзекті. Ол Қазақстанның дамуы жолында тек саясаткер ретінде ғана емес, еркін ойдың, батыл әрекеттің үлгісі ретінде де тарихта қалды.

Алтынбек Сәрсенбайұлы – Қазақстанның тарихында өшпес із қалдырған тұлға. Оның өмірі мен тағдыры күреске, әділеттілікке және шынайы демократиялық құндылықтарға негізделді. Оның өлімі саяси сахнадағы зорлық-зомбылықтың айқын көрінісі болғанымен, оның идеялары мен ұстанымдары әлі де көптеген қазақстандыққа шабыт көзі болып қала береді. Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі елдің еркін болашағы үшін күрестің символы болып қала беретіні анық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2160562-altynbek-sarsenbaiuly-kureskerding-omiri-tagdyry-zhane-qaigyly-qazasy/