СІМ Ливандағы жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады
Жарияланған күні:
Сыртқы істер министрлігі Ливандағы ахуалдың күрт шиеленісуіне байланысты осы елдегі Қазақстан азаматтарына үндеу жасады. Бұл туралы ведомство ресми сайтында хабарлады.
"Құрметті отандастар, Ливандағы жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты осы елдегі Қазақстан азаматтарын қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз ұстануға тағы да шақырамыз.
Атап айтқанда, жергілікті билік орындарының нұсқауларын мүлтіксіз орындап ел ішіндегі жүріс-тұрысты мейлінше азайтқан жөн.
Сонымен қатар Оңтүстік пен Бекаа жазығындағы азаматтарға ахуал оңалғанша салыстырмалы түрде қауіпсіз саналатын елдің орталық және солтүстік өңірлеріне уақытша көшу және халықаралық рейстер барында Ливаннан кете тұру мәселелерін қарастыруға кеңес беріледі", - делінген хабарда.
Еске салсақ, бұған дейін Израиль Қорғаныс армиясы Ливан астанасы Бейрутқа "бағытталған соққы" жасағаны хабарланған еді. Соққыдан кемінде 8 адам қайтыс болып, 59 адам жараланған.
Сонымен бірге Ливанда "Хезболла" қарулы тобы қолданатын портативті рациялар жарылып, 14 адам қаза тауып, 450-ден астам адам жарақат алды.
Кейін Ливан билігі Израиль дүйсенбіде "Хезболла" ұйымының Ливандағы жүздеген нысанасына әуе шабуылдарын жасағанын мәлімдеді. Соққы салдарынан шамамен 492 адам, оның ішінде 35 бала қаза тапты. Жарақат алғандар саны 1600-ден астам адамға жеткен.
Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ливан тұрғындарын "Хезболла" қозғалысы пайдаланатын нысандардан кетуге шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2165791-sim-livandagy-zhagdaidyng-kurt-shielenisuine-bailanysty-qazaqstandyqtarga-undeu-zhasady/