Израиль Бейрутқа соққы жасады: оның нысаны "Хезболла" басшысы болған
Жарияланған күні:
Израиль Қорғаныс армиясы Ливан астанасы Бейрутқа "бағытталған соққы" жасағанын хабарлады. Бұл соққының нәтижесінде "Хезболла" операцияларын басқарған Ибрагим Акиль қаза тапты. Ливан билігінің айтуынша, соққыдан кемінде 8 адам қайтыс болып, 59 адам жараланған.
ЦАХАЛ деректеріне сәйкес, соққы кезінде "Хезболланың" жоғары лауазымды тұлғалары, соның ішінде әл-Хаджа Радван күштерінің жетекшілері де қаза тапқан.
Ибрагим Акиль "Хезболла" әскери операцияларын басқарды. Ол 1983 жылы АҚШ елшілігіне (63 адам қаза тапқан) және Бейруттағы америкалық және француз әскерлері казармаларына (307 адам қайтыс болған) жасалған шабуылдарға қатысқан.
2019 жылы АҚШ Ибрагим Акильді террористтер тізіміне енгізген болатын. 2023 жылы АҚШ Мемлекеттік департаменті оның орналасқан жері туралы ақпарат бергендерге 7 миллион доллар сыйақы жариялады.
Бейрутта не болып жатыр?
Бейруттың оңтүстігінде орналасқан, "Хезболланың" тірегі саналатын Дахия ауданының алғашқы суреттерінен әуеге көтерілген түтін көрінеді. Оқиға орнындағы кадрларға қарағанда, соққыдан бірнеше ғимарат пен көлік зақымдалған. Шабуыл жергілікті уақыт бойынша шамамен 16:00-де жасалған.
Сонымен қатар Би-би-си тілшісі Пол Адамстың солтүстік Израильден таратқан хабарына қарағанда, шекарадан шамамен 15 шақырым қашықта орналасқан Рош-Пина елді мекенінің үстінде "Темір күмбез" әуе қорғанысы жүйесі 15-20 зымыранды тойтарып тастаған. Бұл соққы алдыңғы шабуылдар сияқты Израильдің Ливан шекарасынан тыс орналасқан аудандарына бағытталған болатын, сол аймақтардан Израиль билігі тұрғындарды эвакуациялаған.
ЦАХАЛ барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Сарит Зехавидің айтуынша, маусым айынан бастап "Хезболла" зымырандарының көпшілігі эвакуация аймағынан тыс жерлерге құлап жатыр.
Биылдың басынан бері Израиль Ливан астанасына үшінші рет соққы жасап отыр. Қаңтар айында Бейрутқа жасалған израильдік әуе соққысы нәтижесінде ХАМАС саяси бюросы басшысының орынбасары Салех әл-Аури қаза тапқан. Шілдеде тағы бір соққыдан "Хезболла" әскери басшысы Фуад Шукр қайтыс болды.
Сейсенбіде Ливанның түкпір-түкпірінде мыңдаған пейджер жарылып, сәрсенбіде рация жарылыстары жалғасты – екі жағдайда да бұл шабуылдар "Хезболла" мүшелеріне қарсы бағытталған. 37 адам қаза тауып, 2600-ден астам адам жарақат алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2164177-izrail-beirutqa-soqqy-zhasady-onyng-nysany-hezbolla-basshysy-bolgan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.