Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Жас депутаттар мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүр

Жарияланған күні:

барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумы
барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумы. Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумындағы сөзінде мінберде жас депуттаттар көбейгенін, олардың өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүргенін айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

"Біз бүгін мәслихаттардың жұмысына және маңызды мәселелерге қатысты пікір алмасамыз. Бәріңізге мәлім, соңғы жылдары елімізде жан-жақты жаңғыру жұмыстары қолға алынды. Соның ішінде саяси реформалардың орны бөлек. 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгіздік. Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейттік. Заң шығарушы органның қазіргі қызметіне Ерлан Жақанұлы арнайы тоқталып өтті. Жалпы, билік тармақтарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдадық. Онда жергілікті өкілді билікке қатысты мәселелер де бар. Атап айтсақ, облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін берді деп сеніммен айта аламыз", - деді президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді.

"Алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны – түгел бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған 434 адам депутат атанды.

Ашығын айтсақ, бұрын саяси партиялар түрлі санаттағы азаматтармен жұмысқа көп көңіл бөлмейтін. Заңмен талап еткеннен кейін ғана мән бере бастады. Мысалы, партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінді. Бұл шешім олардың қоғамдық-саяси үдеріске араласуына жол ашып берді. Бұрын мәслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға да жетпейтін. Қазір заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде бұл көрсеткіш еселеп артты деуге болады. Бүгін де ортамызда көптеген жас депутаттар отыр. Олар түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүр", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, 3 қазанда барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының форумы өтетіні, онда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлейтін хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2169201-toqaev-zhas-deputattar-minberden-zhastarga-qatysty-ozekti-maselelerdi-batyl-koterip-zhur/