Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады

Жарияланған күні:

Мектеп оқушылары мұғаліммен бірге
Мектеп оқушылары. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі форумда кейінгі уақытта балаларға қатысты болып жатқан қайғылы жағдайларды, олардың қауіпсіздігі туралы сөз қозғады. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы. Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн.

Біздің қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне өз деңгейінде араласпауынан басталады. Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын", - деді президент.

Мемлекет басшысы заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашқанымен, өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіретінін атап өтті.

"Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет", - деді президент форумда сөйлеген сөзінде.

Айта кетейік, 3 қазанда барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының форумы өтетіні, онда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлейтін хабарланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумындағы сөзінде мінберде жас депуттаттар көбейгенін, олардың өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүргенін айтты.

Форумда мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін арттыру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы қажеттігін мәлім етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде АЭС бойынша өтетін референдумның маңызына тоқталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2169253-toqaev-balalarga-qatysty-kez-kelgen-qaigyly-zhagdai-mening-zhanyma-batady/