Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Пайдасын жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді": Тоқаев АЭС бойынша өтетін референдум туралы айтты

Жарияланған күні:

Атом электр станциясы
Атом электр станциясы. Көрнекі фото: John Harper / Getty Images

Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде АЭС бойынша өтетін референдумның маңызына тоқталды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Орайлы сәтті пайдаланып, бірқатар өзекті мәселеге тоқталғым келеді. Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз "Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе?" деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға", - деді президент форумда сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының жарқын көрінісі.

"АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады.

Атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба. Алайда бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, энергетикалық дербестігімізді нығайтады, экономиканың, ғылым мен білімнің түрлі саласын өркендетуге тың серпін береді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін қалыптастыруға ықпал етеді. Заманның талабы осы", - деді мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, АЭС-тің пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді.

"Осы ретте АЭС құрылысына қолдау білдіріп жатқан Халықтық штабтың жұмысын ерекше атап өткім келеді. Штаб саяси партиялар мен түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ ғалымдарды, сарапшыларды, өндіріс мамандары мен кәсіпкерлерді біріктірді. Азаматтардың ұйысып, ортақ іске жұмыла кірісе алатынын көрсетеді. Дамуға ұмтылыс – ұлтымыздың ең жақсы қасиеттерінің бірі. Сондықтан біз ешқандай қиындыққа қарамастан, алға қарай батыл қадам басуымыз керек. Тағы да қайталаймын. Алдағы референдум тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды уақиға болады және еліміздің одан әрі дамуына тікелей әсер етеді", -деп түйіндеді ойын президент.

Еске салсақ, 2 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысы бойынша 6 қазанда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды.

3 қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясының отырысында АЭС салу бойынша референдум өткізудің күнтізбесі бекітілді.

Сондай-ақ бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы өкілдері Қазақстанда АЭС салу бойынша референдумды ұйымдастыруға және өткізуге 15,5 млрд теңге жұмсалатынын мәлімдеген еді.

Таяуда АЭС салу бойынша референдумға қатысты ОСК төрағасы Тоқаевқа дайындық барысын баяндаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2169231-dauys-beru-natizhesi-qandai-bolsa-da-bul-aituly-oqiga-toqaev-aes-boiynsha-otetin-referendum-turaly-aitty/