Тоқаев Мәскеуде көшпелі халықтардың мәдени мұрасына қызығушылық зор екенін айтты
Жарияланған күні:
Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД халықтарының мәдени және рухани байланыстарын нығайту мәселесіне баса назар аударды. Бұл туралы Ақорданың ресми Telegram-дағы арнасы хабарлайды.
"Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыздың салалары мен бағыттарын үнемі кеңейтіп отырғанымыз жөн. Таяуда Астана қаласында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 85 елден 2 мыңнан астам спортшы келді. Бұл әлемде этноспорт қозғалысына, бұрынғы көшпелі халықтардың мәдени мұрасына қызығушылық зор екенін көрсетті", - деді Қазақстан Президенті.
Жоғары оқу орындары мен жастар арасындағы қарым-қатынасты дамыту – бірлескен жұмыстың маңызды бағыты. Мемлекет басшысы студент алмасу және ғылыми тағылымдамадан өту ісін жандандыру үшін "Достастықтың академиялық астанасы" атты жаңа бағдарламаны іске қосуды ұсынды.
Сондай-ақ Тоқаевтың пікірінше, Еуразиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын бірлесіп әзірлеудің де айрықша мәні бар. Президент мұндай тағдыршешті мәселенің ТМД елдерінде талқылануы орынды деп санайды.
Қазақстан Президенті келесі жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қатысты ойын жеткізді.
"Бұл – Достастық елдерінің барлық халқын біріктіретін айтулы дата. Еркіндік пен әділдік салтанатының нышанына баланатын мазмұнды мереке. Біз әкелеріміз бен аналарымыздың, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің адамзат тарихындағы өшпес ерлігін әрдайым есте сақтауға тиіспіз", - деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы ТМД-ға Тәжікстан Республикасынының төрағалық ету және кезекті саммитті Душанбеде өткізу туралы шешімді қолдайтынын жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2171736-toqaev-maskeude-koshpeli-halyqtardyng-madeni-murasyna-qyzygushylyq-zor-ekenin-aitty/