Тоқаев Гвинея-Бисау президентін Қазақстанға шақырды
Жарияланған күні:
БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі 29-шы конференциясы аясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбаломен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, президент Гвинея-Бисау елін Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде атап өтіп, екі ел арасындағы достық байланыс пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан – ашық әрі бейбіт саясат ұстанатын және аймақтағы ең ірі экономикасы бар ел. Сондай-ақ ол қос мемлекеттің арасындағы серіктестіктің перспективасы мол деп санайды.
Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Гвинея-Бисау географиялық тұрғыдан қашық орналасқанына қарамастан, ауыл шаруашылығы, логистика және ақпараттық-коммуникациялық технология салаларында ықпалдастықты дамытуға мүмкіндігі бар.
Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало екіжақты қарым-қатынастың әлеуетін талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстан президентіне алғыс айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Умару Сисоку Эмбалоны өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2186418-toqaev-gvineia-bisau-prezidentin-qazaqstanga-shaqyrdy/