Тоқаев жалпыға бірдей декларация мәселесін қайта қарауды тапсырды
Жарияланған күні:
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыға бірдей декларацияға деген көзқарасты қайта қарауды тапсырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
"Біз Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасап жатырмыз. Барлық саладағы жұмыстың ашық болуына көңіл бөліп отырмыз. Осы орайда азаматтарымыздың табысын жаппай декларациялаудың мән-маңызы зор. Бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатыр. Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар.
Келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарланып отыр. Алайда бір мәселені ескеру қажет. Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемелерге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Демек осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет", - деді президент
Оның өзінше, бастамалардың ақылға қонымды және қазіргі ахуалға сай болғаны маңызды. Бұрынғы жоспардың бәрін қазіргі күннің талабына лайықтап, түзету қажет.
"Мен бұған дейін реформалар тоқтап қалмайтынын нақты айттым. Өйткені елімізді жан-жақты жаңғырту ісі үздіксіз жалғаса беруге тиіс.
Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Соған сай жаңа бастамалар мен жоспарларды жүзеге асырамыз. Қазір оның бәрі мұқият зерделеніп жатыр. Келесі жылы халыққа ұсынатын боламын. Кейбір бастаманы әдеттегідей Ұлттық құрылтайда жариялаймын. Оның кезекті отырысы Бурабайда өтеді. Қалғанын Жолдауда айтамын.
Әділетті Қазақстанды құру жолында әлі де көп жұмыс істеу қажет. Ол үшін жалпыұлттық бірегейлігіміздің негізін ұдайы нығайтып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, экономиканы дәйекті түрде дамыту керек. Елдік мақсаттарымыздың көкжиегін көре білу маңызды. Сонда ғана алдымызға қойған стратегиялық міндеттердің бағытынан ауытқымаймыз.
Бос әңгімелер мен өнбес дауларды қумай, болашаққа сеніммен қадам басуымыз керек. Батыл бастамаларымызды бірге жүзеге асыратынымызға сенімдімін", - деді мемлекет басшысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2188092-toqaev-zhalpyga-birdei-deklaratsiiaga-degen-kozqarasty-qaita-qaraudy-tapsyrdy/