"Қызылорда, Тараз, Түркістанда орыс мектебі ашылады": Путин "Казправдаға" мақала жариялады
Жарияланған күні:
Бүгін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетін Ресей президенті Владимир Путин "Казахстанская правда" газетіне мақала жариялады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Мақала Қазақстан мен Ресейдің саясат, экономика және басқа да салалардағы қарым-қатынасына арналған.
"Мемлекеттік сапар қарсаңында Қазақстанның республикалық басылымдарының бірі – "Казахстанская правда" газеті арқылы екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынас пен ынтымақтастық деңгейі туралы өз ойымды бөлісудің сәті туып отыр. Мемлекетаралық байланыстың жоғары деңгейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен бірлескен жұмыс жылдарында қалыптасқан тығыз, мейірімді жеке қатынастар куәландырады.
Біз үнемі телефонмен сөйлесіп, әртүрлі форматта кездесеміз. Екіжақты өзекті мәселелерді талқылап, күн тәртібінде тұрған өңірлік және жаһандық проблемалар туралы пікір алмасамыз, келешекке жаңа жоспарларды да белгілейміз. Ең бастысы – Қазақстан президентімен әрқашан нақты нәтижеге бағдар қоямыз. Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының одан әрі сенімді дамуы, елдеріміздің өркендеуі, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін барынша қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз", - деп жазды Путин.
Ресей басшысы екі ел арасындағы сауда көрсеткіші рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өтті.
"Мәселен, өткен жылы бұл салада жаңа рекорд орнап, 28 миллиард доллар деңгейінен асып түсті, ал биыл қаңтар-қыркүйек айларында 20 миллиард доллардан асты".
Путин Ресейдің Қазақстан экономикасына салған инвестициясы артқанына тоқталған.
"Қазір оның көлемі шамамен 13 миллиард доллар болды. Республикада Ресейдің қатысуымен 23 мыңнан астам кәсіпорын бар. Біздің елдеріміздің компаниялары өнеркәсіптік кооперация мен жоғары технологиялар саласында бірқатар ірі бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр".
Бұған қоса, Путин Қазақстан мұнай экспортының 80 пайыздан астамы Ресейдің Қара теңіздегі инфрақұрылымы арқылы шетелге өтетінін, Қазақстанның уран саласының дамуына "Росатом" қосқан үлесін ерекше атап өткен.
Әрі қарай Путин көршілес елдердің гуманитарлық саладағы қарым-қатынасына тоқталып, Қазақстанда үш орыс мектебі салынатынын жазған.
"Ресей Қазақстанда жаңа орыс мектептерін ашуды, орыс тіліндегі мектеп білімінің сапасын арттыруды қолдайды. Тағы үш мектеп жақында Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында ашылады деп отырмыз. Біз Қазақстан басшылығына, Қасым-Жомарт Кемелұлының жеке өзіне орыс тілін қорғап, орыс тілі жөнінде халықаралық ұйым құрғанына алғыс айтамыз", - дейді Путин.
Путин "Казправдаға" мақала жариялаған күні Ресейдің "Известия" газетінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы жарық көрді.
Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары екі күнге созылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2192919-qyzylorda-taraz-turkistanda-orys-mektebi-ashylady-putin-kazpravdaga-maqala-zhariialady/