Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аса маңызды оқиға болмақ": Тоқаев Путинмен Астанада өтетін кездесуде не туралы сөйлесетінін айтты

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин. Фото: aqorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі" атты мақаласында Путиннің елімізге алдағы сапары туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары қазақ-орыс қатынасының тарихындағы аса маңызды оқиға болмақ. Жоғары мемлекетаралық мәртебесі бар бұл сапар елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестіктің мән-маңызы айрықша екенін көрсетеді.

"Астанада өтетін кездесуде Ресей президентімен бірге сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылым және техника салаларындағы ынтымақтастыққа  қатысты ауқымды мәселелерді талқылаймыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық барысын пысықтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, қазір, өкінішке қарай, қатты ушығып тұрған әлемдегі ахуалға қатысты пікір алмасамыз", - деді мемлекет басшысы.    

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы, екі ел әлемдегі құрлық арқылы өтетін ең ұзын шекара қосып тұрғанын әрдайым есте ұстайтынын атап өтті.

"Оны мәңгі достық пен нағыз тату көршіліктің шекарасы деп санаймыз. Екі жақтың шекара маңындағы аудандарында 32 миллионға жуық адам тұрады. Бұл да айрықша маңызды. Екі елдің аймақтары біздің мемлекетаралық қатынастарымызды нығайтуға елеулі үлес қосып отыр. Сондықтан мемлекет басшыларының Өңіраралық ынтымақтастықтың ХХ форумына бірге қатысуы осы сапар барысындағы маңызды шара болмақ.

Алдағы сапар инвестиция және сауда саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға зор серпін беріп, қос халықтың игілігіне арналған бірлескен жобаларды бастауға септігін тигізеді деп сенемін", - деп жазды Тоқаев.

Еске салайық, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік "Известия" басылымына "Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі " атты мақала жазған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2192925-asa-mangyzdy-oqiga-bolmaq-toqaev-putinmen-astanada-otetin-kezdesude-ne-turaly-soilesetinin-aitty/