Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Ресейде қазақстандық университеттің өкілдігі ашылатынын мәлімдеді

Жарияланған күні:

Студенттер аудиторияда дәріс тыңдап отыр
Студенттер. Көрнекі фото: Unрlash / Дом Фу

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі" атты мақаласында екі елдің білім саласындағы ынтымақтастығы туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысының сөзінше, білім саласындағы ынтымақтастықтың да мазмұны толыға түсті.

"Біз еліміздің оңтүстік аймақтарында Ресей мектептерін ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты бізбен іргелес жатқан Ресей қалаларында Қазақстан мектептері ашылады деп сенеміз.   

Қазір Ресейдің оқу орындарында Қазақстаннан барған 60 мыңға жуық студент білім алып жүр. Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын, ал Омбыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігін ашу жоспарымызда бар", - деді Тоқаев.

Қазақстан президенті келтірген мәлімет бойынша, елімізде 3500-ден астам мектеп Пушкин тілінде білім береді, телеарналар мен радиостанциялар хабар таратады, газеттер мен журналдар шығады. Барлық дерлік өңірде көрерменнің көзайымы болып жүрген орыс драма театрлары бар.  

"Біздің ел Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясында Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы бастама көтерді. Ұйым орыс тілін қолдау және оны насихаттау үшін  ТМД елдері арасындағы байланысты дамыту мәселесімен айналысатын болады. Бұл қадам халықтарымыздың арасындағы достықты, тату көршілікті, этносаралық келісімді, өзара түсіністік пен сенімді нығайта түседі деп сенемін", - деді мемлекет басшысы.

Еске салайық, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік "Известия" басылымына "Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі " атты мақала жазған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2192931-toqaev-reseide-qazaqstandyq-universitetting-okildigi-ashylatynyn-malimdedi/