"Ақорда" резиденциясында Путинді салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті (фото)
Жарияланған күні:
Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинді "Ақорда" резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Ақорданың ресми Telegram-дағы парақшасында Қазақстанға мемлекеттік сапармен ұшып келген Ресей басшысы Владимир Путинді "Ақорда" резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өткені хабарланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.
Салтанатты рәсімнен кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына барды.
Айта кетсек, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинді елорда әуежайынан қарсы алды.
Мәртебелі қонақты күтіп алу үшін әуежайда Құрмет қарауылы сап түзеді. Қазақстан мен Ресей халықтарының шынайы достығының белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті.
Еске салсақ, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 27 қараша күні елімізге Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келетіні хабарланды.
Сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіледі. Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Ресейдің ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнеконференция режимінде қатысады.
28 қараша күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтеді. Жиында аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктің негізгі мәселелері талқыланады. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2193377-aqorda-rezidentsiiasynda-putindi-saltanatty-turde-qarsy-alu-rasimi-otti-foto/