Тоқаев пен Путин Атыраудағы ұшақ апатына байланысты телефон арқылы сөйлесті
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президент Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл жөнінде Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Ресей тарапының бастамасымен Қасым-Жомарт Тоқаев президент Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен.
"Президенттер Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines компаниясы ұшағының апатқа ұшырап, Қазақстан және Ресей азаматтарының қаза табуына байланысты бір-біріне көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин апат себептерін анықтау үшін тараптардың атқарып жатқан жұмыстарын талқылады. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Үкіметтік комиссиясы тергеу ісін Әзербайжан, Ресей және Бразилия елдерінің мамандарын тарта отырып жүргізіп жатқанын айтты", - делінген хабарламада.
Президенттер тергеу амалдарын жан-жақты және ашық жүргізудің маңызды екенін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрағанын жазған едік. Сондай-ақ Кремль таратқан ақпараттан Ресей Тергеу комитеті осы факт бойынша қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.
Артынша Әзербайжан президентінің ресми сайтында Ильхам Әлиев пен Владимир Путиннің телефон арқылы сөйлескені туралы мәлімет жарияланды. Ильхам Әлиев Владимир Путинмен әңгімелесу барысында Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ сыртқы соққыға тап болғанын айтқан.
Сондай-ақ Украина президенті Владимир Зеленский де Ильхам Әлиевпен телефон арқылы Ақтаудағы ұшақ апаты жөнінде сөйлескені мәлім болды.
"Қазіргі негізгі басымдық – шын мәнінде не болғаны жөнінде барлық сұраққа жауап беретіндей мұқият тергеу жүргізу. Ресей айқын түсініктеме беріп, жалған ақпараттың таралуын тоқтатуы керек. Фотосуреттер мен видеолардан ұшақтың фюзеляжы зақымданғаны анық көрінеді.
Біз бұл жағдайда Әзербайжанды барлық қажет құралмен қолдаймыз және басқа елдерді де көмек көрсетуге шақырамыз. Бұдан бөлек біз жақын арада екіжақты байланыстарды жандандыруға келістік", - деп мәлімдеген Зеленский.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2206364-toqaev-putinmen-telefon-arqyly-soilesti/