Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Министр: Дипломаттар қазақ тілін білуге міндетті емес

Жарияланған күні:

Үкіметтегі ішінара ауыс-түйіс барысында 2007 жылдан бері еліміздің АҚШ пен Бразилиядағы төтенше және өкілетті елшісі болған Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысов Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Бұрынғы министр Ержан Қазыханов Елбасымыздың кеңесшісі дейтін қызметпен қалды.

Ерлан Ыдырысов – кәсіби дипломат. Әдебиетші-ғалым Әбілфайыз ақсақалдың ұлы. Қарағанды қаласында дүниеге келіп, Алматыда оқыған. Бірнеше тілді біледі. Ақсақал ұлының көне иврит тіліне де жатық екенін мақтаныш тұтады. Алайда, бұл жігітіміз ана тілінен мақұрым.

Соңғы жылдары намысқа шауып үйреніп алмаса, ілгеріде сызбайтын. Ана тілінде сөйлеу былай тұрсын, ол "қазақ тілі дипломатияның тілі емес, қазақ тілі дипломатияның, халықаралық саясаттың тілі бола алмайды", - деп шалқалаған болатын. Сөйтіп ол көрінгеннен қағажу көріп келе жатқан қазақ тіліне "халықаралық" деңгейде соққы берген-ді.

Бұл енді Тәуелсіз ел атанса да орыс тілінің ығынан шыға алмай ықтап өмір сүру "дәстүрінен" жаңылмаған Қазақстанда ғана болатын жайт. Әйтпесе, басқа елдің дипломаты тап бұлай демесе керек. Дүниеде шет мемлекеттермен өз тілінде қарым-қатынас жасай алмай отырған жалғыз ел және Қазақстан.

Әрине, мұнайың мен ураныңды, астығың мен байтақ жеріңді малданып қандай тілде болса да сыртқы жұртпен байланыс орнатуға болады. Сондықтан әлемге ашық Қазақстанның қазіргі дипломатиясын ұлт мүддесін алдыға қойған  деңгейі жоғары дипломатия деуге әсте келмейді.

Турасын айтқанда, байлығыңды оңды-солды асқан мырзалықпен таратып отырсаң сенен ешкім іргесін аулақ сала алмаса керек.

Сонымен, Ерлан Ыдырсов – сыртқы істер министрі. Көп жыл шетте жүріп, үлкен саясаттың ойынымен тәсіліне қаныққан жігіт енді елге бет бұрып еңсеріп қызмет етсе, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әзірге оған тек базына айтуға ғана бармыз. 

Ерлан Ыдырысов Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында урду, хинди, ағылшын тілдерін меңгеріп, экономист-дипломат мамандығы иеленген (1981 ж). КСРО СІМ-нің дипломатиялық академиясын (1992 ж) бітірген.

1981 – 1985 жылдары Пәкістан, Үндістан мемлекеттеріндегі КСРО елшіліктерінде, Қазақ КСР-і СІМ-де жауапты қызметтер атқарған, 1992 – 95 ж. БҰҰ-да Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі болды. Кейінгі жылдары ҚР СІМ-нің Америка елдеріндегі басқарма бастығы (1995), ерекше тапсырма бойынша елші (1995 – 96). ҚР Президентінің көмекшісі (1996 – 97). ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары (1997), департамент директоры, вице-министр қызметтерін атқарды.

1999 – 2002 жылдары ҚР Сыртқы істер министрі болды. Кейіннен СІМ-нің бірінші вице-министрі, Ұлыбритания біріккен корольдігі мен Ирландиядағы, сондай-ақ Швеция, Норвегия, Дания елдеріндегі төтенше және өкілетті елші қызметтерін атқарды.

2007 жылдан ҚР-ның АҚШ пен Бразилиядағы төтенше және өкілетті елшісі. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/233423-ministr-diplomattar-kazak-tilin-biluge-mindetti-emes/