Тоқаев халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі болған Ержан Қазыханды жаңа қызметке тағайындады
Опубликовано:
Мемлекет басшысының жарлығымен Ержан Қазыхан Қазақстан президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі лауазымынан босатылып, жаңа қызметке тағайындалды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Мемлекет басшысының жарлығымен Ержан Хозеұлы Қазыхан Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі лауазымына тағайындалды.
Ал бұл қызметті атқарған Ерлан Алтынбайұлы Әлімбаев лауазымынан босатылды.
Айта кетелік, Ержан Қазыхан Қазақстан президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып 2023 жылғы 1 қыркүйекте тағайындалған еді.
Kazinform агенттігінің мәліметінше, Ержан Қазыхан 1964 жылы 21 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген.
Ленинград Мемлекеттік университетінің Шығыс факультетінде білім алып, 1987 жылы оқуын тәмамдаған. Тарихшы, шығыстанушы. Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесі бар.
1989-1992 жылдар аралығында ҚазССР Сыртқы істер министрлігі Протоколдық-саяси бөлімінің екінші хатшысы, бірінші хатшысы.
1992-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протокол басқармасының бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары.
1995-2000 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасы Тұрақты өкілдігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі ретінде жұмыс істеген.
2000 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Көп жақты ынтымақтастық департаментінің директоры.
2003 жылдан Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы.
2007-2008 жылдары Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.
2008 жылдың ақпанынан желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісі.
2009-2011 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі ретінде еңбек жолын жалғастырған.
2011 жылдың ақпан және сәуір аралығында – Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары.
2011 жылдың 11 сәуірінен 2014 жылдың 17 қыркүйегіне дейін Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрі қызметін атқарған.
2014 жылғы 17 қыркүйегінен Қазақстанның Ұлыбританиядағы төтенше және өкілетті елшісі.
2017-2021 жылдары Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы төтенше және өкілетті елшісі болған.
Президенттің көмекшісі болып тағайындалғанға дейін Қазақстан Президентінің әкімшілігі басшысының орынбасары – Қазақстан президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі қызметін атқарған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/appointments/2290608-toqaev-halyqaralyq-maseleler-zhonindegi-komekshisi-bolgan-erzhan-qazyhandy-zhanga-qyzmetke-tagaiyndady/