Жандос Өмірәлиев Бас прокурордың бірінші орынбасары болып тағайындалды
Опубликовано:
Жандос Өмірәлиев еліміздің Бас прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Мемлекет басшысының өкімімен Жандос Жәнібекұлы Өмірәлиев Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ мемлекет басшысының өкімімен Тимур Тәшімбаев Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары лауазымынан босатылды.
Айта кетейік, Жандос Өмірәлиев бұған дейін Бас прокурордың орынбасары қызметін атқарған еді.
Бас прокуратураның ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Жандос Өмірәлиев 1978 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген.
Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.
Еңбек жолын 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы прокурорының көмекшісі қызметінен бастаған.
2004-2005 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратура басқармасының прокуроры және аға прокуроры.
2005-2010 жылдары – Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарының прокуратураларында және Батыс өңірлік көлік прокуратурасында басқарма бастығының орынбасары және басқарма бастығы.
2010 жылдан 2011 жылға дейін Бас прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі – Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің хатшысы болған.
2011-2017 жылдары – Алматы қаласы прокурорының орынбасары.
2017-2018 жылдары – Бас прокурор Аппараты басшысының орынбасары және Бас прокуратураның Кадрларды дамыту департаментінің бастығы.
2018-2022 жылдары Батыс Қазақстан облысының прокуроры қызметін атқарған.
2022 жылғы маусымда Қазақстан президентінің өкімімен Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары болып тағайындалған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/appointments/2291436-zhandos-omiraliev-bas-prokurordyng-birinshi-orynbasary-bolyp-tagaiyndaldy/