Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне жаңа ректор тағайындалды
Опубликовано:
Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – ректоры лауазымына Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы тағайындалды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, Бейбіткүл Сәрсемханқызы 1972 жылы 2 тамызда Алматы облысы Кеген ауданы Шырғанақ ауылында дүниеге келген.
Білімі мен кәсіби жолын Қазақ қыздар педагогикалық институтында бастап, 1994 жылы "Қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті" мамандығын тәмамдап, кейін аспирантурада білім алған. Филология факультетінде деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары және орыс филологиясы кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істеген.
Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті колледжінің директоры, "Оқулық" Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметтерін атқарған.
2020 жылғы қаңтардан осы уақытқа дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін басқарма төрағасы – ректоры болған.
Бейбіткүл Кәрімованың басшылығымен университеттің студенттік контингенті екі есеге артып, халықаралық рейтингтерде жоғары көрсеткіштерге жеткен, шетелдік университеттермен 12 бірлескен және 4 қосдипломдық білім беру бағдарламалары енгізілген.
Бейбіткүл Сәрсемханқызы кәсіби шеберлігін үздіксіз арттыра отырып, Вашингтон (АҚШ), Франция, Финляндия, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және Грекияда біліктілікті арттыру бағдарламаларынан өткен.
Ол тіл білімі, салыстырмалы грамматика, қазақстандық саясаткердің тілдік тұлғасы, жоғары білім берудегі интернационалдандыру, мектеп оқулықтарының сапасына арналған 90-нан аса ғылыми ғылыми еңбектің авторы.
Сонымен қатар 2021 жылдан Қызылорда қалалық мәслихатының VII, VIII шақырылымының депутаты.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Ахмет Байтұрсынұлы" төсбелгісімен, Қазақстан президентінің Алғыс хатымен, "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/appointments/2317940-qazaq-ulttyq-qyzdar-pedagogikalyq-universitetine-zhanga-rektor-tagaiyndaldy/