Айбек Смадияров президенттің баспасөз хатшысы болып тағайындалды
Опубликовано:
Айбек Смадияров Қазақстан президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.
"Мемлекет басшысының өкімімен Айбек Серікбайұлы Смадияров Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі – президенттің баспасөз хатшысы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", - делінген жазбада.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысының кеңесшісі – баспасөз хатшысы болған Руслан Желдібай лауазымынан босатылды.
Естеріңізге сала кетейік, Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы ресми өкілі Айбек Смадияров былтыр желтоқсанда Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалған еді.
СІМ-нің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, Айбек Смадияров 1983 жылы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген.
Мансап жолын 2005 жылы "Қазақстандағы Қытай банкі" АҚ-ның Әкімшілік департаментінің маманы болып бастаған.
2006-2008 жылдары – ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің маманы.
2008-2010 жылдары – ҚР СІМ Еуропа департаментінің атташесі, үшінші хатшысы.
2010-2012 жылдары – Қазақстанның Мажарстандағы елшілігінде үшінші хатшы.
2012-2013 жылдары – ҚР президентінің баспасөз қызметінің сарапшысы.
2013-2014 жылдары – ҚР СІМ Сыртқы саяси сараптау мен болжамдау комитетінің бірінші хатшысы.
2014-2018 жылдары – Вьетнамдағы ҚР елшілігінде екінші, бірінші хатшы.
2018-2019 жылдары – ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы.
2019-2023 жылдары – ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары – баспасөз хатшысы.
2023-2025 жылдары – ҚР СІМ Коммуникациялар департаментінің директоры – ресми өкілі.
2025 жылғы наурыздан бастап желтоқсанға дейін ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы – ресми өкілі қызметін атқарды.
Дипломатиялық дәрежесі: IІ сыныпты төтенше және өкілетті уәкіл. Ағылшын, түрік тілдерін меңгерген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/appointments/2336936-aibek-smadiiarov-prezidentting-baspasoz-hatshysy-bolyp-tagaiyndaldy/