Шымкент полиция департаментіне жаңа бастық келді
Опубликовано:
Шымкент қаласы полиция департаментінің жаңа бастығы болып Мұхтар Қожаев тағайындалды, деп хабарлайды ІІМ-ге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның ақпараттық медиапорталының жазуынша, ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шымкент қаласының полиция департаментінде көшпелі кеңес өткізген.
Жиын барысында министр жеке құрамға Шымкент қаласы полиция департаментінің жаңа бастығы Мұхтар Қожаевты таныстырған. Ол бұған дейін ІІМ тергеу департаментін басқарған.
Полиция генерал-майорының басқарушылық және тергеу саласында мол тәжірибесі бар екені, тергеушіден бастап орталық аппарат департаментінің басшысына дейінгі қызмет жолынан өткені атап өтілді.
ІІМ-нің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Мұхтар Қожаев 1999 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы заң институтын бітірген.
1999 жылы Маңғыстау облысы Ішкі істер бас басқармасының Ақтау қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі болып жұмыс істеген.
2001 жылдан бастап Маңғыстау облысы Ақтау қалалық ішкі істер басқармасында анықтау және тергеу басқармаларының басшысы қызметін атқарған.
2010 жылдан бастап Маңғыстау облысы Ішкі істер департаментінің аудандық полиция бөлімдері мен басқармаларының бастығы болған.
2012 жылы – ҚР ІІМ Тергеу комитеті Аймақтық бақылау және алдын ала тергеуді ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары.
2017 жылы – ҚР ІІМ Тергеу департаменті Алдын ала тергеуді аймақтық бақылау басқармасының бастығы.
2018 жылы – Қостанай облысы полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары.
2018 жылғы желтоқсаннан бастап ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары, 2023 жылғы желтоқсаннан бастап бастығы болған.
ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен наградталған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шымкент ПД-ны Нұрлан Алмасбеков басқарды. Ол қоғамда резонанс тудырған 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қызметінен босатылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/appointments/2340015-shymkent-qalasy-politsiia-departamentining-zhanga-bastygy-tagaiyndaldy/