jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Депутат Елнұр Бейсенбаев Президент әкімшілігінде лауазымды қызметке тағайындалды

    Елнұр Бейсенбаев
    Елнұр Бейсенбаев. Фото: t.me/mazhilis_kz

    Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

    "Мемлекет басшысының өкімімен Елнұр Сабыржанұлы Бейсенбаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды", - делінген Ақорда хабарламасында.

    Parlam.kz мәліметінше, Елнұр Бейсенбаев парламент мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі.

    1986 жылы 27 маусымда сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында дүниеге келген.

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Саясаттанушы, әлеуметтік ғылымдар магистрі.

    1993 жылы Кентау қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы №12 жалпы орта мектебінің бірінші сыныбына барған. 1995 жылы отбасымен Алматыға қоныс аударып, әрі қарай сол жақтағы №93 орта мектепті аяқтады.

    2004 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетіне оқуға түсті. Еңбек жолын "Жастар үні" Жастар қоғамдық ұйымында маман ретінде бастап, кейіннен 2009 жылы төраға болып тағайындалды.

    2012-2015 жылдары тарих пәнінің мұғалімі, Қазақстан коммунистік халық партиясының Алматы қалалық филиалында идеология және насихат жөніндегі хатшы қызметтерін қоса атқарған.

    2016 жылдан 2017 жылға дейін Алматы қаласы әкімдігінің жастар жобалары және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы лауазымдарында еңбек еткен.

    2017 жылы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізу барысында 3 000 волонтер жұмысын ұйымдастырып, оларға басшылық етті.

    2017 жылдан 2018 жылға дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде тәрбие жұмысы департаментінің директоры болып жұмыс атқарды.

    2019 жылы Астана қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі болды. Бұл қызметте қаланың әлеуметтік саласын жетілдіру бойынша, сондай-ақ көп балалы отбасылармен жұмыс жүргізілді.

    2020 жылы Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan Жастар қанатының төрағасы болып сайланды. Оның бұл лауазымға тағайындалуы коронавирустық инфекцияның таралуына сәйкес және мемлекет басшысының төтенше жағдай жариялау уақытымен тұспа-тұс келуіне байланысты, "Біз біргеміз!" акциясы аясында ел бойынша 5 000 жасотандық волонтердың жұмысын үйлестірді. Сонымен қатар Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмектер жеткізу ісіне қатысқан.

    2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қаңтарға дейін – Жетінші шақырылған Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты.

    2023 жылғы қаңтардан 2023 жылғы тамыз аралығында – AMANAT партиясының атқарушы хатшысы.

    2023 жылдың наурызынан бастап қазіргі уақытқа дейін Сегізінші шақырылған Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы Фракциясының жетекшісі.

    Елнұр Бейсенбаев "Құрмет" орденімен (2021 ж.), "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" (2016 ж.), "Халық алғысы" (2020 ж.), "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл" (2021 ж.) медальдарымен, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың (2016 ж., 2020 ж.), Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың (2019 ж., 2020 ж.) алғыс хаттарымен марапатталған.

    Төрт бала тәрбиелеп отыр.

    Депутат Елнұр Бейсенбаев Президент әкімшілігінде лауазымды қызметке тағайындалды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.