Шерзат Болаттың қазасынан кейін сайланған Талғар әкімі күтпеген жерден қызметінен кетпек
Опубликовано:
Читать на русском
Талғар қаласының әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы қызметінен кету жөнінде шешім қабылдағанын мәлімдеді. Ол бұған денсаулығы сыр бергені себеп болғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Арыстанбек Әбілқайырұлы өз мәлімдемесін Instagram парақшасында жариялады.
"Құрметті Талғар қаласының тұрғындары! Ең алдымен, маған сенім артып, сайлауға қатысып, дауыс берген баршаңызға алғысым шексіз. Сіздердің қолдауларыңыз бен сенімдеріңіз мен үшін үлкен жауапкершілік жүктеді.
Мен атқарған қызметімді денсаулығыма байланысты аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім мен үшін оңай болған жоқ. Денсаулығыма байланысты белгілі бір уақыт еңбек демалысында болдым. Осы жағдай қызметтік міндеттерімді толық әрі сапалы атқаруға кедергі келтірмеуі үшін осындай шешім қабылдауды жөн санадым. Дегенмен денсаулық – адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі, сондықтан осындай қадамға баруға тура келді.
Талғар қаласында 1 жыл 2 ай қызмет атқару барысында әлеуметтік-экономикалық дамуға, инфрақұрылымды жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жұмыс жүзеге асырылды. Әрбір бастама мен жобаның артында ортақ еңбек, бірлік пен сенім тұрғанын ерекше атап өткім келеді.
Осы ретте маған қолдау білдірген Талғар ауданының әкіміне, әріптестеріме, Талғар қаласының тұрғындарына және ақсақалдарына ерекше алғысымды айтамын.
Алдағы уақытта да Талғар қаласының дамуына бей-жай қарамай, ел игілігі жолындағы бастамаларға тілектес боламын. Қаламыздың болашағы жарқын, дамуы қарқынды боларына сенімдімін", - деп жазды Талғар қаласының тұрғындарына үндеу жасаған Арыстанбек Әбілқайырұлы.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы Шерзат Болаттың қазасынан кейін бірқатар шенеунік, жоғары лауазымды полиция қызметкері мен прокурор қызметтерінен босатылған болатын.
Нақтырақ айтқанда, Талғар әкімі Бақыт Күрішбеков пен оның орынбасары Матан Сағындық қызметінен босатылды. Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев та қызметінен босатылды. Оның орнына Нұржан Әбдәлімов тағайындалды.
Кейінірек әкімдік қала бойынша тоғыз кандидат ұсынылғанын, бірақ олардың екеуі барлық талапқа сай келмегенін, ал артынша төртеуі кандидат болудан бас тартқанын хабарлады.
15 желтоқсанда Талғар қаласы әкімін сайлау өтті. Нәтижесінде Арыстанбек Әбілқайырұлы қала әкімі болып сайланған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз