16-10-0 пайыз: ұлттық экономика министрі қосымша құн салығы мөлшермесінің саралануын түсіндірді
Жарияланған күні:

Бүгін үкімет отырысы күн тәртібінен тыс мәселеден басталды. Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндама жасап, салық заңнамасына жаңа түзетулер ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин президенттің бизнес өкілдерімен кездесуінде айтқан мәлімдемесін еске салып, ҚҚС мөлшерлемесінің жоғарғы шегі бойынша шешім нақты есептеулер негізінде және білікті сарапшылардың, кәсіпкерлер мен депутаттардың пікірін ескере отырып қабылдануға тиіс екенін айтты.
Оның сөзінше, ҚҚС мөлшерлемесі сараланған болуға тиіс.
"Біз 16 пайыздық базалық мөлшерлемені ұсынамыз, ҚҚС – бюджетті толтырудың негізгі көздерінің бірі. ҚҚС мөлшермелесін саралауды 16 пайызға дейін арттыру бюджеттің мұнайдан түсетін табысқа тәуелділігін азайтуға, ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге және мемлекеттік басым жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Бұл ретте біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерін ҚҚС-тан босатамыз, қазір де шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді, біз оны (салықтан босатуды - ред. ескертпесі) сақтаймыз.
Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші заңды тұлғалар бюджетке төлейтін соманың 30 пайызы көлемінде ҚҚС төлеп келеді. Енді олар төлемейтін болады. Осылайша Қазақстанда өндірілетін барлық өнім – картоп, қызанақ, пияз, қырыққабат және т.б. бәсекеге қабілетті болады.
10 пайыздық төмендетілген соманы денсаулық сақтау саласы үшін ұсынамыз. Ол тағы кімге қатысты болуы мүмкін? Бұл сұрақ қосымша талқылауды қажет етеді. Біз барлық ұсынысты жинап, есептеп, бизнес мамандарымен бірге шешеміз", - деді Серік Жұманғарин баяндамасында.
Сондай-ақ министр неліктен сараланған мөлшерлеме ұсынылып отырғанын айтты.
"Бұл біріншіден бизнес үшін, екіншіден салық органдары үшін әкімшілендірудің күрделілігіне байланысты. Мөлшерлеме көп болса, есептеу қиындай түседі, декларация дайындау қиындай түседі. Дебеттік сальдо жинақталады. Бұған жол бермеу үшін біз мөлшерлеменің бірнеше түрін ұсынамыз: 16 пайыз - 10 пайыз - 0 пайыз, яғни салықтан босату", - дейді Серік Жұманғарин.
Осы ретте ұлттық экономика министрі ҚҚС бойынша тіркеу шегін төмендетуге қатысты ұсынысты мәлім етті.
"Бүгінгі күні кәсіпорындардың тек 4 пайызы ғана ҚҚС төлейді. Көптеген компания салық төлеуден жалтару үшін бизнесін жасанды түрде бөлшектейді. Бұл жүйені бұзады және қалыпты ҚҚС есептеуге кедергі жасайды. Сондықтан тіркеу шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынып отырмыз. Бұл бизнес өкілдері үшін тең жағдай жасайды және жалтару схемаларының алдын алады. Бұл мәселеде біз халықаралық тәжірибеге назар аударамыз. Дамыған, дамушы елдер экономикасының көпшілігінде ҚҚС шегі не айтарлықтай төмен, не мүлдем жоқ. Мысалы Канадада, Кореяда, Скандинавия елдерінде, шығыс Еуропаның бірқатар елінде және жақын көршіміз Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанда Қазақстанға қарағанда шегі төмен", - деді ол.
Айта кетейік, бүгіннен бастап өңірлердегі бизнес-қоғамдастықпен үкіметтің бастамаларын талқылайтын алты жұмыс тобының жұмысы басталады. Қазіргі уақытта топтар өңірлерге шығып, жергілікті жерлерде бизнеспен кездесулер өткізіп жатыр.
Еске сала кетейік, кеше, 10 ақпанда Астанада өткен бизнес өкілдерімен кездесуде қаржы министрі мен ұлттық экономика вице-министрі ҚҚС-тың сараланған мөлшерлемесін талқылады. Кездесуде ҚҚС мөлшеріне қатысты үкімет ұсыныстары да ортаға салынды.
Бүгін үкімет отырысында жаңа Салық кодексінің жобасына түзетулерді осы жылдың 20 ақпанына дейін мәжіліске енгізу жоспарланып отырғаны айтылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2219711-16-10-0-paiyz-ukimet-qosymsha-qosymsha-qun-salygy-molsherlemesine-qatysty-zhanga-usynysty-ongirlerde-talqylamaq/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде