RU
Саясат
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.

Зектілері

"Елдің атын ер шығарар" деген: Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады

Жарияланған күні:

Күштік құрылым қызметкерлері
Күштік құрылым қызметкерлері. Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев UAE SWAT Challenge сайысында топ жарған күштік құрылымдардың бір топ офицерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Биыл Дубайда өткен дүбірлі додаға Қазақстан атынан 12 команда қатысты. Ішкі істер министрлігінің "Сұңқар" және "Томирис" командалары халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Арыстан" командасы төртінші орынға ие болды. Мемлекеттік күзет қызметі мен Қорғаныс министрлігінің командалары да шеберліктің үздік үлгісін көрсетті.

Мемлекет басшысы жеңімпаздарды құттықтап, бұл табыс тиянақты дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.

"Елдің атын ер шығарар" деген. Сайыпқыран сарбаздарымыз көк туымызды асқақ желбіретті. Төрткүл дүние жауынгерлеріміздің мықтылығына куә болды. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Осындай жеңісті сәттер барша халқымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтереді. Ел қорғаны мықты болса, Қазақстанның еңсесі әрдайым биік болмақ", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрлым қызметкерлерінің алдында сөз сөйлеуде
Президент күштік құрлым қызметкерлерінің алдында сөз сөйлеуде. Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы халқымыздың ерлік дәстүрі тереңде жатқанына назар аударды.

"Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Бұл – бостандық пен әділдік ұғымдарын ту етіп, майданда жанқиярлықпен шайқасқан, тылда еңбек еткен барша қазақстандыққа көрсетілген құрмет. Батырларымыздың теңдессіз ерлігін ұрпақ жадында сақтау – парызымыз. Бүгінде сіздер жауынгер халықтың ұрпағы ретінде Отан алдындағы қасиетті парызды терең түсініп, адал қызмет етіп жүрсіздер. Бәріңіз де еліміздегі бейбіт өмірді сақтау үшін табанды еңбек етіп келесіздер. Сіздерді заң мен тәртіп сақшысы деуге толық негіз бар. Заң мен тәртіп – әділетті әрі қауіпсіз мемлекеттің өзегі", - деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел тыныштығын күзеткен арнаулы қызметтер мен күштік құрылымдардың атқарған істеріне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрлым қызметкерін марапаттап жатыр
Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрлым қызметкерін марапаттап жатыр. Фото: akorda.kz

"Былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін жиырмадан астам жедел жауынгерлік іс-шара өткізді. Екі террорлық актінің жолын кесіп, қаскөйлерге тосқауыл қойды. Ұлттық ұлан жасақтары төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсене атсалысты. Ішкі істер министрлігінің құрылымдары ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Өткен жылы есірткі өндіретін 64 орын жабылды. 22 мың тонна есірткі тәркіленді.

Есірткіні жарнамалаған 7,5 мың сайт бұғатталды. Екі миллиард теңгеден астам қаржыны шетелге шығармақ болған алаяқтардың жолы кесілді. Соңғы үш жылда 8 мыңға жуық түрлі қару-жарақ табылды. Мұндай мысалдар өте көп. Арнаулы қызмет қатарындағы мыңдаған сарбаз мемлекеттің егемендігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғап жүр. Жауынгерлеріміз қашан да Отан алдындағы антына адал", - деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап жатыр
Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылым қызметкерін марапаттап жатыр: t.me/aqorda_resmi

Президент қазір кейбір мемлекеттер, тіпті алпауыт елдер сыртқы және ішкі саясатындағы ұстанымдарын қайта қарап жатқанын мысалға алып, Қазақстан дәстүрлі әрі заманауи құндылықтарды тең ұстайтын прагматизмге әлдеқашан бет бұрғанын жеткізді.

"Заң мен тәртіп үстемдігін орнату маңызды екенін әрдайым айтып жүрміз. Уақыт біздің ұстанымдарымыз бен стратегиялық бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетті. Сондықтан біз алдағы уақытта да ұлттық мүддемізді қорғап, елімізге лайықты бірегей жолмен жүреміз. Жалпыұлттық құндылықтарымызды дәріптейміз. Ешкімге жалтақтамай, өз саясатымызды жүргіземіз. Өйткені біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – қуатты және өркендеген Қазақстанды құру", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен күштік құрлым қызметкері
Қасым-Жомарт Тоқаев пен күштік құрлым қызметкері. Фото: akorda.kz

Президент сөзін қорытындылай келе, офицерлердің қызметіне сәттілік тіледі және оларды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Жиында Қазақстан Ішкі істер министрлігінің "Сұңқар" командасының мүшесі, полиция аға лейтенанты Ермекқали Шоқаев, Ішкі істер министрлігі "Томирис" командасының капитаны, полиция майоры Айнагүл Байжігітова және Қазақстан Мемлекеттік күзет қызметінің капитаны, "Сардар А" командасының мүшесі Мерлан Ұлтанбаев сөз сөйледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2219780-toqaev-kushtik-qurylym-qyzmetkerlerin-marapattady/

Жарияланымға реакцияңыз?

Пікірлер жүктелуде

jitsu gif