"Саудагерлер екі түрлі баға айта бастады": Тоқаев қолма-қол төлем көлемінің артқанын мәлімдеді
Опубликовано:
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде өткізген жиында саудагерлер тауардың ақысын төлеу формасына қарай екі түрлі баға айта бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Жаңа салық саясаты күшіне енгелі бері нақты айналымды жасыру үшін қолма-қол төлем көлемінің артқаны туралы мәліметтер келіп түсті. Бөлшек саудамен айналысатын саудагерлер тауардың ақысын қолма-қол ақшамен немесе аударым арқылы төлегеніне қарай салық сомасын шегеріп, екі түрлі баға айта бастады.
Бұған, әрине, көз жұма қарауға болмайды. Өйткені мұндай әрекеттер мемлекеттің салықты әкімшілендіру тетіктерін жетілдіру бағытындағы еңбегін зая кетіреді. Кірісті жылыстату және капиталды астыртын криптоперациялар арқылы заңсыз шығару проблемаға айналды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, бүгінге дейін 62 млрд теңгеден астам қаржы айналымы бар 130 заңсыз криптоалмасу қызметі жойылды.
"Осы істердің аясында 2,6 млрд теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Бұдан бөлек әлеуметтік желілерде ақшаны криптоға айырбастау жарнамасы тыйылмай тұр. Демек мәселе түбегейлі шешімін таппаған. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, еліміз сыртқа шығарылған капиталдың көлемі жағынан "көш бастап тұрған мемлекеттердің" бірі. Ал осындай қылмыс үшін сотталғандар жоққа тән. Капиталдың заңсыз сыртқа кетуі экономикалық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді. Агенттік аталған мәселелер бойынша нақты ұсыныс енгізсін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2336676-saudagerler-eki-turli-baga-aita-bastady-toqaev-qolma-qol-tolem-kolemining-artqanyn-malimdedi/