Алматының жаңа бас жоспары, аспалы жолдарды көбейту: мегаполис әкімі Тоқаевқа есеп берді
Опубликовано:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімін қабылдады. Дархан Сатыбалды мемлекет басшысына қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, сондай-ақ негізгі қала құрылысы мен инфрақұрылым жобаларының жүзеге асырылуы туралы баяндады, деп хабарлайды Ақорда.
Дархан Сатыбалды былтыр қысқа мерзімді экономикалық индикатор 12,8 пайызға көтерілгенін айтты. Мемлекет бюджетіне 6,6 трлн теңге салық пен міндетті төлемдер түскен.
Әкім қаланың бірнеше орталығын дамытуға бағытталған жаңа стратегиялық бастамаларды таныстырды.
Аталған тұжырымдама аясында заманауи IT-инфрақұрылым, көпфункционалды іскерлік кешендер, сондай-ақ тұрғындардың демалысы үшін абаттандырылған рекреациялық аймақтар жасақталады. Яғни бұл жұртшылық жиі баратын орындарға айналады.
Сондай-ақ ол Алматы қаласының заманауи көлік жүйесін қалыптастыру жөнінде мәлімет берді.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, жүрдек қоғамдық көлік жүйелерін дамыту тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, қаланы орнықты дамытудың негізгі факторы болмақ.
Алматының Бас жоспарында ауаның еркін айналымын қамтамасыз етуді, шаһардың жоғары және орталық бөліктеріндегі шамадан тыс тығыз құрылысты тежеуді, сондай-ақ жасыл желектің аумағын үш есеге – 3 800 гектарға дейін ұлғайтуды көздейтін шешімдер қарастырылған.
Одан бөлек мегаполис әкімі 2025 жылы қала көшелері сапалы жарықтандырылып, қуаты екі есе артқаны жөнінде баяндады.
Онымен қоса қаланы абаттандыру, көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді безендірудің бірыңғай стандартына сәйкес саябақтар мен көшелерді жаңғырту шаралары жоспарланған.
Дархан Сатыбалды мемлекет басшысына Алматы тау кластері жобасын дайындау жайында да есеп берді.
Қазіргі кезде "Медеу" базалық станциясы арқылы "Шымбұлақ" және "Ой-Қарағай" курорттарын біріктіруді көздейтін техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу жұмыстары аяқталып қалды.
Аталған жобаны жүзеге асыру нәтижесінде аспалы жолдардың саны 16-дан 62-ге дейін көбейеді, тау шаңғысы трассалары 250 шақырымнан аса ұзарады, ал демалыс аймақтары тәулігіне 40 мың адамға дейін қабылдай алатын деңгейге жетеді.
Мемлекет басшысы Алматы қаласының экономикасын одан әрі әртараптандыру, экологиялық жағдайын жақсарту, қаланың орнықты көлік және туристік инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ қала ортасының сапасы мен тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2337144-almatynyng-zhanga-bas-zhospary-aspaly-zholdardy-kobeitu-megapolis-akimi-toqaevqa-esep-berdi/