"Қоғамдық пікір" зерттеу институты: Қазақстандықтардың 80 пайызы Конституциялық реформаны қолдайды
Опубликовано:
2026 жылдың қаңтар айында "Қоғамдық пікір" зерттеу институты мемлекет басшысы бастаған конституциялық реформаны азаматтардың қабылдауы мен бағалауын анықтауға бағытталған телефон арқылы сауалнамасын жүргізді.
Зерттеу нәтижелері қаңтар айында қазақстандықтардың басты назары әлеуметтік-саяси және экономикалық күн тәртібіндегі оқиғаларда болғанын көрсетті. Респонденттердің 32,7 пайызы айдың ең маңызды оқиғасы ретінде Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайды атаған. Екінші орында – Салық кодексінің күшіне енуі (30,7 пайыз).
Осылайша әлеуметтік-саяси күн тәртібі азаматтардың қабыдауында басты орында екені белгілі болды. Сонымен қатар, қазақстандықтар дәстүрлі түрде мақтаныш пен отансүйгіштіктің қайнар көзі болып табылатын спорттық және мәдени жетістіктерді де назардан тыс қалдырмады. Мысалы, респонденттердің 18,3 пайызы әлемнің үш дүркін чемпионы атанған шахматшы Бибісара Асаубаеваның спорттық жетістігін, ал 9,3 пайызы қазақстандық теннисші Александр Бубликтің жетістігін және басқа да спорттық жетістіктерді атап өткен.
Азаматтардың назарының әлеуметтік-саяси өзгерістерде болуы жүргізіліп отырған реформалардың олар тарапынан уақытылы рефомалар ретінде қабылданатынының белгісі болып табылады. Жалпы алғанда осындай пікірді 79 пайыз респондент білдірген. Олардың 48,2 пайызы реформаларды "уақтылы деуге болады" десе, 30,8 пайызы "толықтай уақтылы" деген ой білдірген.
Президенттің Ұлттық құрылтайда ұсынған саяси реформалары қаншалықты уақтылы?
Бір палаталы парламентке өту (31,1 пайыз), вице-президент лауазымын енгізу (21,6 пайыз), Халық Кеңесін құру (20,1 пайыз), сондай-ақ жалпы конституциялық реформаны өткізу (15,2 пайыз) респонденттер тарапынан ең маңызды, әрі есте қаларлық реформалар ретінде анықталып отыр.
Сонымен қатар зерттеу нәтижелері қоғамның бір бөлігінің әлеуметтік-саяси күнтәртібіне қатысты белсенді талқылаулардан әзірге тыс қалып отырғанын көрсетеді. Мысалы 24,4 пайыз респондент Ұлттық құрылтай туралы ешнәрсе білмейтінін атап өткен.
Алдағы реформалардан қазақстандықтардың не күтетінін анықтауға арналған сауалнаманың жеке бір бөлімі олардың бірінші кезектегі күтілімдерінің мемлекеттің ашықтығы мен орнықтылығының артуымен байланысты екенін көрсетті. Осы тұста респонденттер тарапынан мемлекет пен халық арасындағы диалогты кеңейту (32,3 пайыз), мемлекеттік басқару сапасын жақсарту (23,3 пайы ), бүгінгіден де тұрақты саяси жүйені қалыптастыру (18,9 пайыз), елдің тәуелсіздігін нығайту (17 пайыз), мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың кеңейту (12,1 пайыз), парламенттің рөлін күшейту (11,3 пайыз) және демократияландыруды одан әрі тереңдету (9,3 пайыз) қажеттілігі анықталып отыр.
Сауалнамаға қатысушылардың едәуір бөлігі конституциялық реформалардың жүргізілуін өзінің жеке тұрмыс деңгейінің жақсаруымен тікелей байланыстырған. Жалпы алғанда 65,1 пайыз респондент ұсынылып отырған өзгерістер олардың жеке өмірі мен тұрмыс деңгейінің жағымды өзгеруіне әсер ететініне сенімді: 34 пайыз респондент "иә, сөзсіз", ал 31,1 пайыз "көбінде иә" жауаптарын берген.
Жаңа Парламенттен азаматтар бірінші кезекте көбірек ашықтық, нәтижелі жұмыс және халықпен белсенді диалогты күтеді. Нақтырақ айтқанда, респонденттер Құрылтай депутаттары халыққа көбірек құлақ асады (37,8 пайыз) және адамдардың өмірін жақсартатын шешімдерді қабылдайды (32 пайыз) деген үміттерін білдірді.
Сонымен қатар, қазақстандықтар жаңарған парламенттен жаңа саяси тұлғалардың пайда болуын (11,1 пайыз), қоғамдық талқылаулар мен оларға халықтың қатысуының көбеюін (6,2 пайыз) және заң шығарушы органның жалпы ықпалының күшеюін күтеді (6 пайыз).
Құрамына этномәдени бірлестіктердің, мәслихаттардың, қоғамдық кеңестер мен ҮЕҰ өкілдері кіреді деп күтілетін жаңа жоғары консультативтік орган Халық Кеңесінен азаматтардың күтілімдеріне келсек: респонденттердің басым көпшілігінің пікірінше (66,2 пайыз) ол барлық азаматтардың мүдделерін тең дәрежеде алға тартатын болады.
Респонденттердің едәуір аз бөлігі Халық кеңесі өз қызметі мен шешімдерінде көбірек жеке топтардың қызығушылықтарына бағытталады деп есептейді: мәслихатты 8,8 пайыз, ірі қоғамдық бірлестіктерді – 7,3 пайыз, аймақтық қоғамдық кеңестерді – 5 пайыз, этномәдени бірлестіктер – 4,8 пайыз белгілеген.
Жалпы, әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері азаматтардың жүргізіліп отырған конституциялық реформаның мәніне, өкілді демократияның жаңа институттарының құзыретіне қызығушылық танытатынын, олар туралы жеткілікті жоғары деңгейде хабардар екенін, сондай-ақ олардың ашық әрі тиімді жұмыс атқаруына деген қоғамдық сұраныстың бар екенін көрсетеді.
Осының нәтижесі ретінде сауалнамаға қатысқан азаматтардың басым көпшілігі алдағы конституциялық реформаны қолдайтынын білдіреді. Жалпы алғанда, бұл – респонденттердің 78,4 пайызы, олардың 40,1 пайызы реформаны "көбіне қолдайды", ал 38,3 пайызы "толық қолдайды". Бұл көрсеткіштер өз кезегінде реформаның уақтылы әрі қоғам тарапынан сұранысқа ие екенін растайды.
Президент Конституцияға енгізілетін алдағы өзгерістердің көлемді екенін атап өтті. Сіз конституциялық реформаны қаншалықты қолдайсыз?
Сауалнама әдістемесі: телефон арқылы сауалнама 2026 жылғы 24-28 қаңтар аралығында жүргізілді. Сауалнамаға қатысқандар саны 1 200 респондент. Зерттеуге Қазақстанның 17 облысынан және республикалық маңызы бар 3 қаласынан (Астана, Алматы және Шымкент) 18 жастан асқан азаматтар қатысты. Телефондық сауалнама ұялы байланыс абоненттері арасында жүргізілді. Сауалнама қазақ және орыс тілдерінде өткізілді. Статистикалық ауытқуы 2,8%-дан аспайды.
Әлеуметтік-демографиялық блок: сауалнамаға 46 пайыз ер адам және 54 пайыз әйел қатысты, респонденттердің 64 пайызы қала тұрғындары, 36 пайызы ауыл тұрғындары болды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2337729-qazaqstandyqtardyng-80-paiyzy-konstitutsiialyq-reformany-qoldaidy/